Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының экс-президенті 12 жылға бас бостандығынан айырылды

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2014
  • 1285

"Қазақстан ғарыш сапары" компаниясының бұрынғы басшысы сот үкімімен келіспейді. Ғабдуллатиф Мырзақұлов апелляциялық шағым түсірмек. Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Мырзақұловты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Айта кетейік, оған 2 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланған ғарыш аппараттарының жинақтау-сынау кешенiнiң құрылысын кәсіпкерлерге заңсыз тендер арқылы берген деген айып тағылды. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады.


«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының экс-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловқа қатысты аты шулы сот процесі аяқталды. Айта кетейік, оған аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылған болатын. Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 12 жылға бас бостандығынан айырды.


Асхат Әшірбеков, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты судьясы:


Мырзақұловқа мүлкін тәркілеумен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп, жазасы қамауға алынған уақыттан, яғни 2013 жылғы 1 тамыздан бастап есептелсін.

Ұлттық компанияның бұрынғы басшысына қатысты сот өткен жылдың желтоқсанында басталған. Мырзақұлов тергеу материалдары бойынша "Құлагер" құрылыс компаниясына тендерді ұтқызу үшін 210 миллион теңге пара алды және 90 миллион теңгені алаяқтық жолмен жымқырды" деген күдікке ілінген. Ол ірі көлемде пара алып жатқан жерінде тамыз айында ұсталған болатын. Бүгін сот шешімімен Мырзақұлов аталған факт бойынша кінәлі деп танылды.

Өз ретінде Мырзақұловтың қорғаушылары да бұндай шешімге наразылықтарын білдірді.

Мұхаметқали Шайхин, адвокат:

Бүгінгі шыққан үкіммен сотталған Мырзақұлов келіскен жоқ. Біз қорғаушылар бұл үкіммен келісе алмаймыз. Анық-қанығын іс бойынша апелляциялық шағыммен үкімді алғаннан кейін, оны толық оқығаннан кейін біз жағымыз шағымданады. Қандай шағым болады, оның мазмұны қандай болады қазір біз айта алмаймыз. Өйткені біз үкімді әлі қолымызға алған жоқпыз.

Белгілі болғандай сотталушы жымқырған қаражаттың барлығын жылжымайтын мүлікке жұмсаған. Атап айтсақ, 2012 жылдың тамыз айында параның бірінші бөлігін алған Мырзақұлов котедж бен пәтер құрылысына кіріскен. Бастапқыда ол «Фэмили Виладж» серіктестігімен келісімшартқа отырып қызына 42 миллион теңге сомасына екі қабатты коттедж, зайыбына екі пәтер салып бермек болған. "Сонымен қатар Мырзақұлов 2013 жылдың маусым айының соңында Алматы облысының Талғар қаласында тұратын өзінің туған ағасы арқылы Алматы облысындағы Кербұлақ ауданынан 90 мың долларға жалпы көлемі 340 гектарды құрайтын 7 жер учаскесін сатып алған", - дейді айыптаушы тарап. Қазіргі таңда арам жолмен алынған мүліктің бәрі тәркіленді.

Мұхаметқали Шайхин, адвокат:

Алпыс үшке келген кісі. Әрине, 12 жыл, менің ойымша, өте ауыр жаза. Бұның анық-қанығына жету керек әлі де. Өте ауыр жаза.

Үш айға жуық созылған сот процесі барысында 22 том қылмыстық іс қаралды. Айыпталушыны үш бірдей адвокат қорғаған болатын. Бүгінде қорғаушылар сот шешімімен келіспей, Астана қаласының сотына қайта арызданатындықтарын мәлімдеді. 

Жұрағат БАМАН