Абай атындағы опера және балет театры әртістері жалақыларының астаналық
әріптестерімен теңелгенін қалайды. Ал Үкімет қаулысымен таратылған Күләш
Бәйсейітова атындағы театр әртістерінің тағдыры белгісіз болып тұр. Мәжілісмен
Мұрат Ахмадиев мәдениет саласында қордаланып қалған мәселені шешуді сұрап,
Үкімет басшысына сауал жолдады.
Мұрат Ахмадиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Абай атындағы опера және балет театры жыл сайын өнерсүйер қауымға 150-ге
жуық туынды тарту етеді. Бұл өте үлкен еңбек. Десе де "Астана Операмен"
салыстырғанда ондағы әртістердің жалақысы аз. Мұндай алалау өнерпаздарға ұнамай
жүр. Сондықтан қарашаңыраққа ұлттық мәртебе беріп, еңбекақыны теңестіруді
ұсынамыз.
Сондай-ақ депутат: "Қазақконцертке" мемлекеттік мәртебесін
қайтарып, атақты "Гүлдер" ансамблін бұрынғыдай қаржыландыруды қолға
алу қажет", - дейді. Ал Үкімет қаулысымен таратылған Күләш Байсейітова
театры ұжымының басын қосып, жаңа өнер ошағын құруды ұсынды.
Мұрат Ахмадиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Екі жүзден астам жұмыссыз қалған адам туралы
сұрақ жауапсыз. Ешкім ештеңе айтпайды. Өнер ұжымын таратпай, қазақ саз-комедия
театрын құру керек.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ