Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-ның Чапаевка шағын ауданында жарылыс салдарынан 1 адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 1154

Шымкентте тағы да жарылыс болды. Қала іргесіндегі ел «Чапаевка» атап кеткен шағын ауданда бұл осымен 13-ші оқыс оқиға.

Жарылғыш зат түн жарымында үйде іске қосылған. Белгісіз зат әдеттегі сценарий бойынша орнатылған. Аулаға кірер қақпаның табалдырығына көміліпті. Қазір орны үңірейіп қалған. Салдарынан 23 жастағы жігіт аяғынан ауыр жараланды. Зардап шегуші қазір жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Оған шұғыл операция жасалған.

Дәрігерлер науқастың оң табанының жартысы жұлынып кеткенін айтады. Бұған дейін де екі келіншек белгісіз жағдайдағы өкшелерінен айрылғанын айтқанбыз. Қазір оқиға болған орындағы жағдайды полиция анықтап жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы:

Осы жағдайға байланысты сараптама тағайындалды, қандай жарылғыш зат болғанын білу үшін. Және де осы жәйтқа байланысты ҚР ҚК 24 прим 96 бабы бойынша. Ол «адам өлтіруге оқталу»
қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азамат іздеуде.

Естеріңізге салайық, аталған елді мекендегі жарылыстарды ұйымдастырды деген күдікпен жергілікті үш азамат өткен наурыз айының соңында сотталған болатын. Олардың екеуі 14 жылға, тағы бірі 13 жылды арқалаған еді. Олар соңғы екі жылда жасалған 12 жарылысқа қатысы бар деп айыпталған-ды. Алайда күдіктілер қамауға алынғалы бері бұл орын алған екінші жарылыс.

Полиция бірнеше болжам жасап отыр. Соның бірі жарылыс сотталғандардың сыбайластарының қолымен жасалуы мүмкін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ