Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан Қазақстан чемпионатының 5-тур ойындары аяқталды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2014
  • 1399

Футболдан Қазақстан чемпионатының 5-ші тур ойындары аяқталды. Алматы қаласында өткен кездесуде "Қайрат" және "Астана" командалары сынға түсіп, жеңімпазды анықтай алмады. Есеп 0-0. Ал Қарағандыда "Атырау" клубын қабылдаған "Шахтер" футболшылары жанкүйерлерін қуантты. 

Қарағандының "Шахтер" командасы тағы да үздік шықты. Бұған дейін Семей қаласының "Спартак" клубын жеңген Виктор Кумыковтың шәкірттері бұл жолы "Атырау" футболшыларын қабылдап, үш ұпайды қоржынға салды. Кездесу басынан қонақтар қақпасына тап берген алаң иелері есеп ашатын мүмкіндікке ие болды. Бірақ Ұлан Қонысбаевтың соққысынан кейін доп қақпа бағанына тиіп кері қайтты. Бірінші таймда есеп ашылмағанына қарамастан, үзілістен кейінде алған бетінін қайтпаған екі дүркін ел чемпионы ұрымтал сәттің бірінде дегеніне жетті. Бұрыштама добына бірінші жеткен Қонысбаев допты қақпаға тура бағыттап, командаластарының қошеметіне бөленді.

Бұл голдан кейін шабыттанған алаң иелері шабуылдарын тоқтатқан жоқ. Кезекті ұмтылыс кезінде Виктор Кумыковтың шәкірттері есепті еселеді. Бұл сәтте мергендігімен танылған Андрей Порываевтың қанжығасы майланды.

Бұл жетістігінен кейін "Шахтер" командасы 10 ұпай жинап, турнир кестесінде 3-сатыға көтерілді. Келесі кездесуін Қарағанды қаласының футболшылары қонақта Талдықорғанның "Жетісу" клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ