Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда жапон сушиін жеген 13 адам уланып қалды

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2014
  • 909

Қостанайда жапон сушиін жеген 13 адам уланып қалды. Шаһардағы шығыстық үлгіде ас дайындайтын дәмханада бір мезетте дәм татқандардың денсаулығы күрт нашарлап қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда тексеруші органдар шикі балықпен тамақтандыратын дәмханаға аттап баса алмай отыр. Басты тыйым - шағын бизнесті қолдау үшін жарияланған мораторий.

Қостанай қалалық ауруханасына келіп денсаулығына шағымданғандар саны 10 сәуірден бастап күрт артқан. Тексере келе науқастардың барлығы бір мейрамханадан тамақ ішкендерін айтыпты. Жаппай ауруханаға жатқызылғандарға дәрігерлер «ішек инфекциясы» деген диагноз қойыпты. Науқастардың басым бөлігі лоқсып, жүрегінің айни беретіндігін айтып шағымданған. Дәрігерлер қазір олардың жағдайы жақсы дейді. Тіпті екі адамды үйіне қайтарыпты.

Игорь Войтов, Қостанай қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

Науқастардың денсаулығы жақсарды. Тіпті екі адамды жұқпалы аурулар бөлімінен шығардық. Қалғандары емделіп жатыр. Медициналық көрсетілім бойынша олар да бір-екі күнде үйлеріне оралады.

Ал бірнеше адам астан уланған дәмхана есігі бүгін жабық тұр. Жергілікті тұтынушылардың құқығын қорғайтын департамент мамандары барлық жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дейді. Алайда шағын және орта кәсіпкерлікке жарияланған мораторийге байланысты дәмхананы тексере алмай отыр. Прокуратура өкілдері де бұл жағдайды жіті назарға алғандығын айтады.

Қостанай облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Бұл объектіні тексере алмаймыз. Өйткені Елбасының жарлығымен 2 сәуірден бастап шағын және орта бизнесті тексеруге болмайды. 

Талғат Халитов, Қостанай қалалық прокуратураның бөлім бастығы:

Қаладағы «Ветки Сакуры» дәмханасындағы бір топ адамның астан улануын қалалық прокуратруа ерекше бақылауға алды. Бұл факті қалалық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, іс «Солтүстік» полиция бөліміне жіберілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Заңғар САНАЙ