Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейдің үш облысымен шектесетін Тобыл өңірінде экономикалық байланыс екпінді дамып келеді

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2014
  • 1764

Ресейдің үш облысымен шектесетін Тобыл өңірінде экономикалық байланыс екпінді дамып, экспорт әлеуеті еселеніп келеді. Мәселен, Қостанайдағы кондитерлік фабрика жыл сайын 12 мың тонна өнімін көрші мемлекет нарығына жеткізіп отыр. Екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас білім-ғылым, мәдениет саласына да серпін берді. Әсіресе шетте жүрген қазақтардың «Ана тілін» үйренуіне мүмкіндік туды. 

Ресейдің Челябі облысында 34 мың қазақ тұрады. Осындағы жас буын өкілдері «Азамат» қоғамдық орталығында үнемі бас қосып, «Қамажай» мен «Қара жорғаны» билеп, домбырамен ән шырқайды. Орталықтың басты мақсаты - шетте жүрген қазақ жастарына ана тілін үйрету.

Қанат Сейтіков, Челябі облысындағы «Азамат» қазақ қоғамдық орталығының төрағасы:

Әкелеріңді, аналарыңды сыйлап, жандарыңа көмектесіп, тілімізді сақтап, алдыға салып жүрсек, үлкен азамат сол. Салт-дәстүрлерімізді білмесек, сонда не білеміз, соны сақтап, жеткізу керек.


Қос елдің қоян-қолтық қатынасы ауыл шаруашылығына да айтарлықтай жаңашылдық әкелді. Мәселен, Ресей мен Қазақстанның ғалымдары бірлесіп картоптың жаңа сұрпын өсіріп шығарды. «Степан» деп аталатын күлгін түсті көкөністің бұл түрі экологиялық таза, денсаулыққа өте пайдалы.

Андрей Удовицкий, Қостанай АШҒЗИ селекциялық зертхана меңгерушісі:  


Бұл картоптың антиоксиданттық қасиеті бар. Яғни диеталық-емдік бағытта қолдануға таптырмайтын тағам. Егер бұл көкөніс жаппай қолданысқа еніп, халық оны күнделікті қоректенсе, баршаның дені сау, денсаулығы мықты болуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын.

Владимир Колесник, Қостанай кондитерлік фабрикасының бөлім бастығы:

Қостанайдағы бұл кәсіпорын 1 айда 1000 тонна макарон, 2000 тонна ұн экспорттайды. Соның 40%-ы Кедендік одаққа мүше елдерге тиесілі. Жыл басынан бері тек Ресей Федерациясына 1,5 тоннаға жуық өнім жөнелтілген. Жергілікті кондитерлік фабриканың өнімдері де көрші мемлекет нарығына кең таралып үлгерді. Қазіргі таңда Қостанайдың тәтті өнімі Ресейдің 35 ірі сауда компанияларына тікелей жеткізіп отыр.

2011 жылдары біз өнімнің 90 пайызын ғана сыртқа саудаладық. Оның өзі тек карамель болатын. Ал қазір жағдай мүлдем өзгерді. Біздің өнімнің барлық түрі ресейліктердің көңілінен шықты. Үлкен сұранысқа ие болды.

"Өткен жылы Тобыл өңірінен Ресейге экспортталған өнімнің үлесі 200 пайызды құрады", - дейді өндірістік палата өкілдері. Ал аймақ нарығына жеткізілген импорттың көлемі 102 пайызға тұрақтаған.

Валентина Трибушная, Қостанай облыстық сауда -өнеркәсіп палатасының жетекшісі:

Қостанайлық өнім бұрыннан бері Челябі, Қорған, Екатеринбург, Магнитогорск секілді жақын маңдағы облыстарға шығарылып тұрды. Ал қазіргі таңда Ресейдің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр. Сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастырған игі шаралары жергілікті кәсіпорындарды алпауыт мемлекеттің ауқымды нарығына алып шықты.

Тараптардың әріптестігі тек экономикалық саламен шектелмек емес. Қос мемлекет арасындағы татулықты нығайту мақсатында қоян-қолтық шаралар өткізілуде. Мысалы, Қорған облысының өкілдері мен Қостанайлық Ассамблея мүшелері бір мәмілеге келісіп, қол қойысты. Бұл келісім одаққа мүше елдердің арадағы алыс-берісін, барыс-келісін бұдан бетер нығайта түсері анық.

Заңғар САНАЙ