Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздегі ЖОО түлектерінің білімі бес жыл сайын тексерілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2014
  • 791

Жоғарғы оқу орындары түлектерінің білімі бес жыл сайын тексеріліп, сынақ тапсыруға міндеттелуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде кадр даярлаудың сапасы мен келешегі талқыланған парламенттік тыңдалымда Дариға Назарбаева айтты.

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары білім беру саласын жайлаған жемқорлықты сынға алып, жоғарғы оқу орындарының мемлекет қаржысын қалай және қайда шашып жатқандарын қатаң бақылауды ұсынды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Өз саласы бойынша бес жыл жұмыс істегенен кейін түлекке дипломын қорғатып, жоғары білімнің талабын күшейту керек. Әсіресе мемлекеттік грантпен оқығандардың біліміне ден қою керек және бес жыл мамандығы бойынша еңбектенген колледж түлектеріне жоғарғы оқу орындарына жол ашып мемлекеттік грант алуларына ықпал ету қажет. Сөйтіп жастарды техникалық білімге ынталандырамыз.

Техникалық мамандық иелері қат болып тұрған қазіргі күнде, 633 мыңнан астам жастың мамандығы жоқ болып шықты, яғни жастардың 20 пайызында. Олардың 94 мыңы тіптен жұмыссыз бос жүр. Ал жыл сайын 22 мыңнан астам мектеп түлегі жоғарғы білім алмай жатып, еңбек нарығына шығып кетеді. Техникалық мамандықтарға қызығып жатқандары шамалы. Оқу орындарының сапасы да сұрақ тудыратыны белгілі.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Кейбір жоғарғы оқу орындарында білім беру сапасы төмендеу. Біз мәселені шешетін боламыз. Сол 130 ЖОО ішінде 20-дан астамы шағын, жеке меншік ЖОО бар. Солардың тізімін оқу жылының аяғында сайтқа салатын боламыз. Олармен жұмыс жұмыс істейміз. Олар сапасын көтермесе, сол ВУЗдар жабылатын болады.

Министрдің айтуынша, жабылуы мүмкін жоғарғы оқу орындарында оқитын шәкірттен саны бір мыңға да жетпейді. Ал студенттер емтихан айырмашылығын тапсырып, өзге оқу орындарына ауыстырылуы мүмкін. Бірақ олар қосымша ақы төлемейді.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Қосымша төлемейді. Айырмашылық болса, сол айырмашылықты ғана тапсырады. Мысалы, басқа мамандықтар болса, сол емтиханды ғана тапсырады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ