Русский Сайттың толық нұсқасы

Апатқа ұшыраған "Алматы-Атырау" поезы жолаушыларының дәрігер көмегіне жүгінгендері артқан

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2014
  • 1468

Апатқа ұшыраған "Алматы-Атырау" поезының жолаушылары арасында дәрігер көмегіне жүгінгендер қатары артқан. Қазір ауруханада 10 адам ем алуда. Дәрігерлер әлі де келіп жатқандарындың қарасы қалың екенін айтады. 

Хайрекен Қадыров, Атырау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Алған жарақаттары бет әлпетінің жарақаттары, бас терісінің жыртылуы, жарылулары бойынша болған жарақаттарымен жатыр. Ми шайқалған. Қазіргі кездегі жағдайлары орташа. Апаттан соң 1-2 сағаттан соң Мақаттан кетіп қалған кісілер бар. Кейбір кісілер ет қызуымен білмеген шығар, көпшілігі қолхат беріп кетті. Кейін денелері ауырсынып, енді білініп жатыр. Олардың жағдайлары ауыр емес, қанағаттанарлық.

Оқыс жағдай сәуірдің 19-ы күні сағат 16:30 шамасында Атырау облысында болды. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, жүрдек пойыздың 13 вагоны рельстен шығып, 7-еуі аударылып қалған. Тіпті кейбірінің шойын дөңгелектері бірнеше метр жерге ұшып кетті.

Пойызда 586 жолаушы мен 26 жолсерік болыпты. Абырой болғанда, бәрі дін аман. 30-ға жуық жолаушы медициналық көмекке жүгініп, тағы 2 әйел жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа деп бағалап отыр.

Тоты Шайкенова, жолаушы:

Поезымыз аударылып кетті, өзіміз де не болғанын білмей қалдық. Содан бізді Мақат ауруханасына апарып, көмек көрсетті дәрігерлер. Уақытында келді.  

Марат Құрманов, Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Алғашында зардап шеккендердің саны 14-ке жетті. Сегізі тікұшақпен облыстық ауруханаға әкелінді. Содан соң дәрігерлерге шағымданғандардың саны артты. Тағы 27-сі қорқынышы басылған соң, дәрігерлер көмегіне жүгінді. Жалпы барлық 588 адам оқиға орнынан оқшауланды. 15 автобус тартылды. Өз көліктерімен кеткендер бар.

Апат кезінде жолаушылар арасында жаңа туған баладан бастап зейнеткерлерге дейін болған. Әскерге кетіп бара жатқан болашақ сарбаздар да құтқарушыларға қол ұшын созған. Дегенмен, әлі күнге төтенше жағдайдың себебі айтылған жоқ. Жауапты мамандар «комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр» деуден әрі аспай отыр. Апат болған жер қалпына келтірілді. 12 сағаттан соң поездар кестеге сай жүре бастады.

Жәнібек Жүнтірбаев, Атырау магистральды желілер бөлімшесінің бас инженері:

Қазіргі жүргізіліп жатқан комиссия жұмысы бойынша, олар өздері шешім қабылдайды. Біздің соны тексеретін мамандар бар, сол мамандардың шешімімен шешіледі. Комиссия 3 күн мен 7 күннің аралығында жүргізіледі.

Базаргүл ІЗІМОВА