Русский Сайттың толық нұсқасы

«Балық аулауға» үйрету...

  • AstanaTV
  • 07 мамыр 2016
  • 2579

5 күндік оқу аптасына көшудің логикаға сыятынын көбі айтады. Онда қандай пәннің берері аз, қандай пәндер қысқаруы мүмкін, қандай параграфтар шұбалаңқы? Мәселенің екінші қыры бар – қандай пәндерді біріктіруге болмайды? Ал ең маңыздысы –бейнелеп айтқанда балаларға «балық аулауды» қашан үйретеміз? Не қалайтынын анық білетін, жету жолдарын болжай алатын, жүрегі ыстық, ақылы мұздай, санасы сергек, өзін қадірлейтін, өзгені мансұқ етпейтін, мемлекетті жалаң ұрандармен емес, Әлихан Бөкейхан айтқандай, отан кісісі-нің ісімен мызғымастай ететін азаматтар тәрбиелеуді айтам. Негізі ол тек мұғалімнің шаруасы емес... Министрлік қандай пәндерді қысқартып, біріктіретінін жүйелеп жатқан шығар, әзірге мағлұмат берген жоқ. Ал біз осы саладағы айтары бар азаматтардың пікірін білдік. Тіпті оқушылардың өзінен сұрадық. Азамат Алдоңғаров сабақтайды.

Реформашыл министрліктердің ішінде Білім және ғылым министрлігінің «көші ілгері». Бірнеше жылдан бері 12 жылдық білім беру тәсілін енгізумен арпалысып келе жатқан ведомство жылдар ішінде талай басшы ауыстырса да, мақсатын бір өзгерткен жоқ. Дағдылы 11 жылға қосымша жыл қосқан министрлік, келер жылдан бес күндікке өткелі отыр. Ал жақында мемлекет басшысы министр Сағадиевке оқу сағатымен қатар пәндер санын қысқарт деп тапсырма берді.

¤

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Я например, в принципе считаю правильно, наши дети ужасно загружены. 5-дневку надо делать не за счет сокращения чего-то, но например қазақ тілі мен әдебиеті, можно один предмет сделать? Литература и грамматика русского языка, история география, мы детям пичкаем ужасно много, такого нету в мире. То есть это надо изучить еще. С людьми надо посоветоваться, это нужно для того чтобы повысить качество образования.

Президенттің бұл ұсынысын министр Ерлан Сағадиев құп көріп, келесі күні-ақ пәндер саны 18-19-дан 13-14-ке дейін дейін қысқарады деп мәлім етті. Десе де, құзырлы министрлік нақты жоспарын көпшілікке жайған жоқ. Білім ведомствосының күні бұрын әзірлеген жоспары болды ма, әлде жұмысқа енді кірісті ме, белгісіз. Ендеше қайдан кесіп, нені қысқартуға болады, реформаның нәтижелі болуы үшін не қажет деген сұрақтардың төңірегіндегі өз сарапшыларымыздың пікірлерін ұсынайық.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:

Енді мына пәнді мына пәнге қоса салу деген жалпы айтылған, Елбасы өте дұрыс айтты, пәндердің санын азайту керек деп. Мен қуанып кеттім естігенде. Шын мәнісінде бізде пән өте көп.

Аягүл Миразова мектеп бағдарламасын құрастыруға атсалысып, кеңес беріп жүрген ардагер ұстаз. Бүгінгі бағдарламаның тым ауыр, қажетсіз ақпаратқа толы екенін мойындайды. Алайда пәндерді жаппай біріктіруде абай болу керек дейді. Мәселен, бұрмалаудан әлі де толық айықпаған тарихтың басқа пәнмен қатар оқытылуына қарсы. Артық қыламыз деп тыртық қылмас үшін пән санын қысқартпай, мазмұнын жүйелегенді жөн көреді.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:

Дәл қазір анамен мынаны қосып жіберсін дегенді мен ашып айта алмаймын. Кейбір сағаттарды кемітуге болады. Айтып отырмын ғой, дене шынықтыруды, еңбекті алып тастау керек. Оның орнына керекті пәнді қояйық. Тоғызыншы сыныпқа дейін еңбек сабағы балалардың қолына балға, ара ұстап үйренетін дүниелері бағдарламада қалай берілген, сол базасы болып дұрыс жүріп жатса, ол еңбек. Ал әрі қарай ол мамандыққа қарай бағдарлануы керек.

Гимназия директоры тарихтың географиямен бірігуіне қарсы шықса, мұғалімі, сол тарихтан сабақ беретін ұстаз, қазақ тілі мен әдебиетінің де  «қосылуына» қарсы.

Гүлмира Сағатқызы, тарих пәнінің мұғалімі:

Балалар сонымен қатар әдебиеттегі классикалық шығармаларды білуі керек. Ал қазақ тілімен білім мазмұны қосылатын болса, күрделі болып кетеді де бала оны ертең меңгере алмайды. Сондықтан ол пәндердің өз алдына қалғанын қалаймын. Ал енді тарих мен географияның қосылатынын айтатын болсам, мен бұны қолдамаймын. Себебі тарих пен география екітүрлі пән. Тарих ол өз алдына бөлек гумманитарлық пән, ал география өз алдына жаратылыстану. Сондықтан екі пәнді қосудан көрі, +пәндердің ішіндегі көптеген артық мәліметтер бар, параграфтардың көлемі өте ауқымды, үлкен.

Ал кесім шығару керек болса, мектеп бағдарламасында қысқартуға қиятын пәндер бар ма?

Гүлмира Сағатқызы, тарих пәнінің мұғалімі:

Мысалы орыс тілі мен әдебиетінің қосылуы туралы сөз болып жатқан жоқ. Егер қосқысы келсе неге осы екі пәнді қоспайды. Олар өте тығыз байланысты. Одан кейін дүниежүзі тарихын орысша оқытуға менің үлкен күмәнім бар. Онда қазақ мектебінде талай жылдан бері сабақ беріп келе жатқан тәжірибесі мол мұғалімдер қайда қалады. Олар орыс тілін меңгермегені үшін, қазақ тілінде ол сабақты бере алмаса ол не кемістік пе, оларды кемсіту ме? Бұл жағынан да ойлану керек. Кез-келген ұстазды бұл ойландырады.

Ал біз сөзге тартқан жоғары сынып оқушылары былай деді:

Рүстем Кенжебеков:

Дінтану деген пәнді келесі жылдан зайырлы дінтану болып аталайын деп жатыр. Менің ойымша бұл пән  біреуге қызықты болып есептеледі, екінші оқушы оны үйден, немесе басқа ақпарат құралдарынан оқып меңгереді. Сондықтан да ол оған қызықсыз болады. Оның өзі оқушының өз қалауы бойынша қабылдануы тиіс деп есептеймін.

Ерхат Серікбай:

9- сыныпқа дейін барлық пәндерді оқыта отырып, 10-11 сыныпта балаға керек пәнді, яғни болашақта таңдап отырған пәніне, жұмысына байланысты оқытса деймін.

Ақжан Қайсабекова:

Ешқандай артық пән жоқ, әр пәннің өз орны бар. Бізге әр пән болашақ мамандық таңдауға көмектеседі.

Көпті толғандырған мәселе жауапты министрліктің ұсыныстар мен ескертпелер дәптеріне бірінші кезекте «түртіледі» деп сенеміз. Қай пәнді қысқартып, қайсібірін біріктіру керектігін де елдің бас ұстазы салқын ақылмен салмақтап, жөн шешім қабылдар. Енді жалпылама білім сапасын көтеру жоспарының жәй-жапсарын тарқатайық. Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті, реформалар – құрылыс сынды іргетастан қалануы тиіс,- дейді.

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті:

Айтайық 7 мың мектепте 8-ші сыныпта 7 мың мұғалім сабақ береді. 7 мың мұғалім баға қояды. 4,5,3. Сол 7 мың мұғалімнің бағасы бірдей ме? Бірдей емес қой, ал ол бірдей болуы керек. Бірдей болуы үшін сол 7 мың мұғалімнің қолында баланы бағалау инструментарийі болуы керек. Ал ол инструментарий білім мазмұнынан шығады.

Демек, өзгерістерді сырт элементтерден емес, оқулықтан, яғни баланың санасына құйылатын ілімнен бастамақ керек.

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті:

Мысалы Ушинскийдің өзі айтқан: біз балалардың басына әр-түрлі, ештеңеге қажет емес қоқысты үйіп-төгіп саламыз, кейін адам оны не істейтінін білмейді. Мысалы Днепров айтқан: ең қымтаббы жаста 10-12 жыл бойы мектепте алған білімнің 90 пайыздан астамы қажетсіз болып жатады деп.

Ғалымның сөзі, дамыған елдерден тура көшіргеннен, Қазақстанның көші озбайды деген саяды. Үлгіге қай мемлекеттің жүйесін алсаң да, біздің қалыпқа келетіндей етіп синтездеу керек, яғни бейімдеу қажет. Асқарбек Құсайынов теорияның тәжірибемен ұштасуына да үлкен мән береді. Балаға балық емес, қармақ беру әлдеқайда пайдалы болмақ.

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті:

Айтайық, балаларға тапсырма беретін болсақ, 10 Га жер береміз. Соны қалай тиімді пайдаланасың? Бұндай сұрақтар бізде берілмейді. Сонда бала осы сұраққа жауап беру үшін бизнес жоспар жасағанда ол жердің топырағы қандай, құрамы қандай, не егуге болады, егу үшін қанша тыңайтқыш керек, су керек пе, техника керек пе, қанша адам жұмыс жасайды деген сұрақтар ең аяқтап келгенде қалай күтем, қалай өңдеймін, қалай падаламға дейін барады ғой. Міне білім деген осындай нәрселер.

Дамыған елдің жылтырағын алып қана қоймай, мектептердің материалдық-техникалық базасын, ұстаздарды дайындау тәсілін де меңгермек керек. Ал бұл іс бізде, саланы білетін мамандардың сөзінше, салғырт жүргізіліп отыр.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:

Ащы да болса айтайын, қазір білікті де білімді деген, техниканы меңгермесе де, сабағын баланың басына керемет құйып беретін мұғалімдерден айырылып қалуға қорқамыз жастары ұлғайып қалса да. Келіп жатқан жас мұғалімдердің ішінде ілеуде біреу. Мұғалім болайын, үйренейін, балаға жақын, ойымдағыны толық қондырайын деген мұғалім аз болып кетті.

Сенбесеңіз, Білім және ғылым министрлігінің өз мәліметтерін келтірейік. Білім сапасын бақылайтын комитеттің 2012 жылы өткізген тексерісі республика бойынша екі мыңнан астам арнайы білімі жоқ ұстаз бала оқытып келгенін анықтаған. Ең сорақысы, олардың басым көпшілігі баланың негізі қаланатын бастауыш сынып оқытушылары. Біздің елде ұстаздыққа мектепті қанағаттанарлық аттестатпен бітіргендердің көптеп келетінін айтпағанда, көшеден келіп те мұғалім болып кететіндер бар. Ал дамыған елдерде ұстаз болу үшін сан сынақтан өтуің шарт.

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті:

Оңтүстік Корея үнемі жүлдегерлер қатарында. Мектепті бітірген баланың 5 пайызы ғана ұстаздық мамандыққа тапсыра алады. Ал Финляндия 10 пайыз. Дамыған елдерде мектепті жақсы бітірген балалар ғана барады. Олардың құжатын қабылдамас бұрын, келешекте осы жастардың  бойынша ұстаз адамға тән қасиет бар ма деген сұрақ туындап, емтихан алынады. Мысалы бастауыш сыныптың балалары білімдегі жетістігі өз алдына, өлең айта білуі керек, спорттан хабары болуы керек, билей білуі керек деген сияқты адами қасиеттер. Себебі бала ұстазына бейімделеді, ұстаздың бойында балаға ұнайтын қасиеттер болуы керек.

Асқарбек Құсайынов сөздерін, халықаралық тәжірибемен салмақтайды. Мәселен, әлемнің 20 мемлекетінің озық үлгілерін ұзақ зерттеген «Маккензи» зерттеу орталығы, Американың төрт штатында тәжірибе өткізеді. Оның екеуінде бірінші сыныптан орта буынға дейінгі бір топқа мықты ұстаздар сабақ береді, енді екеуінде ортаңқол мұғалімдер бала оқытады. Қортындысында, алғашқыларының білім деңгейі соңғыларынан 53 пайызға артық болады. Кейін керісінше алмасып, оқуда артта қалғандардың әрі қарайғы оқуы мықты педагогтарға беріледі. Бірақ өкінішке орай ол балалардың тек 25 пайызы мықты ұстазға ілесе алған көрінеді. Демек, білім саласындағы реформа, әлемнің озық үлгісіне «жиендік жасаудан», зәулім сарай, сәнді мектеп салудан, қосып-қысқартудан емес, білім беру мазмұнын байытудан, «мектептің жүрегі» - ұстаз тәрбиелеуден басталуы керек. Оның ішінде лайықты жалақы төлеу де бар:

Қанат Нұров .«Аспандау» ғылым және білім беру қорының президенті:

Мұғалімдерді қайта дайындауға қанша ақша құйылса да, бастысы ол ақша емес. Бастысы ұстаздарға лайықты жалақы тағайындау қажет. Олардың айлығын 2,3 есеге көтеру керек деп есептеймін. Мұғалім мәртебелі мамандыққа айналуы шарт. Ол үшін жалақысын да көтеру керек.

Бұл айтқандарды біздің министр біледі дегенге, әсте күмән келтіргіміз келмейді. Азамат Алдоңғаров, Айгүл Ермахан, Біздің уақыт.