Солтүстік Қазақстан облысының көршілес жатқан Ресейдің 3 облысымен
қарым-қатынасы нығайып келеді. Тек былтырдың өзінде аталған өңірлердің тауар
айналымы 700 млн долларға жуықтаған. Мұнан өзге ауыл шаруашылығы, білім беру
және мәдениет салаларында да әріптестік жетілдірілу үстінде. Шекаралас
аймақтардың алыс-берісі мен барыс-келісін тілшіміз Абзал Құрманкин таразылап
көрді.
Жергілікті ДЭЗ компаниясы ұн шығаруды осыдан 12 жыл бұрын бастапты. Ресей
нарығына көз тіккен олар, былтыр ғана Омбы және Қорған облыстарымен әріптестік
орнатқан. Қазір көрші аймақтарға айына 150 тонна ұн жіберіп отырады.
Басшыларының айтуынша, Қазақстандық өнім Ресейде үлкен сұранысқа ие.
Зекай Танрыкұлы, «ДЭЗ» ЖШС директорының орынбасары:
Біздің 1-сұрыпты ұнымызды Ресей компаниялары араластырып, жоғары сұрыпты
қылып сатады. Бұл Қазақстанда шығарылған ұнның сапалы екенін көрсетеді. Бұл
өнімді енді Ресейдің басқа облыстарына сатуды көздеп отырмыз.
Солтүстік Қазақстан астықты өлке болғасын, шекаралас аймақтардың тауар
айналымының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен, тек 2013 жылдың өзінде шетелге 47 млн АҚШ долларына ауыл шаруашылық өнімдері
экспортталған. Мамандар бұл көрсеткішке Кедендік одақ айтарлықтай әсер етті
дейді. Себебі қос ел ортақ мәмілеге келгеннен кейін, тауар айналымы бірден 4
есеге артыпты. Бұдан бөлек, биылдан бастап теріскейдің жастары Омбы ауыл
шаруашылығы университетінде тегін білім алуға мүмкіндік алған.
Сергей Петуховский, П.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлы
университетінің ректоры:
Қос елдің президенттері шекаралас аймақтардың қоян-қолтық жұмыс істеуін
барынша қолдап отырады. Бұндай меморандумдар біз үшін өте маңызды. Омбы аграрлы
университетінің білім беру жүйесінде 108 оқу бағдарламасы бар. Қазақстандық
студенттер бізде енді тегін оқиды және 100 пайыз жатақханамен қамтылады.
Шекаралас аймақтардың арасында бірлескен өндіріс жүйесі де дамып келеді.
Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Омбы зауытын мотор бөлшектерімен қамтып
отырады. Бұл жоба былтыр жүзеге асырыла бастады. Отандық зауыт осы
әріптестіктің арқасында 2 млн АҚШ долларына бағаланатын бөлшектерді
эспорттамақшы.
Қуаныш Бишімов, Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас директоры:
Бірінші екіжақты келісімдер болайын деп отыр. Сосын жұмыс өзі көрсетеді.
Өйткені олар да бізбен бірінші рет жұмыс істеп отыр. Мынау энергетикалық
оборудованиенің өзінің үлкен-үлкен талаптары бар. Соған біз де сәйкес болуымыз
керек.
Жалпы, Кедендік одақ құрылғалы бері солтүстік облыспен шекаралас
аймақтардың арасында алыс-беріс ауқымы 150 пайызға артқан. Алайда бұл
көрсеткіштің бір әттеген-айы да бар. 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысының
импорты 701 млн АҚШ доллары болса, экспорт одан шамамен 10 есе кем.
Галина Дворцова, СҚО кәсіпкерлер палатасы аймақаралық және халықаралық
қатынастар бөлімінің басшысы:
Біздің өндірістік кәсіпорындарымыз Ресейден көбінде машина, қондырғылар мен
түрлі тауарларды сатып алады. Өнімдердің бұндай түрі біздің облысымызда
шығарылмайды. Сондықтан импорт пен экспорттың айырмашылығы айтарлықтай болып
тұр. Солтүстік Қазақстанда экспортты одан әрі көтеру үшін, өңірге инвестиция
құю керек.
Солтүстік Қазақстан шекаралас аймақтармен мәдениет саласында да қоян-қолтық
жұмыс істеуде. Былтыр Қызылжар өңірі мен Омбы облысы осы бағытта екі жақты
келісімге қол қойды. Енді осының аясында жергілікті қуыршақ театрының ұжымы
Ресейге бет алып, өнерін сол жақта көрсетпек. Әзірге труппа дайындық жұмыстарын
жүргізіп жатыр.
Абзал ҚҰРМАНКИН