Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте әуе апатына кінәлі диспетчері 6 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2014
  • 951

19 шекарашы мен 7 экипаж мүшесі қайтыс болған әуе апатына кінәлі деп танылған диспетчер Қанат Ақылбеков алты жылға сотталды. Бүгін Шымкенттің Абай аудандық соты осындай үкім шығарды.

Сотталушыға әуе көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережесін бұзды деген айып тағылғаны мәлім. Айыптаушы тарап Ан-72 ұшағының апатқа ұшырауы - диспетчердің қателігінен деп санайды.

Тергеу материалдарына сәйкес, диспетчер ұшақтың қонуына қажет схеманы бұзған. Осылайша, әуе кемесінің қауіпсіз қонуына кедергі келтірген.

Соттың үкіміне сәйкес, «Казаэронавигация» кәсіпорнының диспетчері Қанат Ақылбеков жазасын колония-қоныста өтемек. Сонымен қатар, оған еркіндікке шыққан соң үш жыл бойы лауазымдық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы 2012 жылдың 25 желтоқсанында кешкісін Шымкентке қонуы тиіс болатын, бірақ, самолет апатқа ұшырады. Бортта 27 адам болған. ҰҚК ШҚ директоры міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Стамбеков әйелімен, сондай-ақ «Оңтүстік» аймақтық басқармасы бөлімшелерінің жетекшілері. Бәрі де қаза тапты.