АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына
кінәлі деп танылған Шымкент әуежайының диспетчері Қанат Ақылбеков алты жылға
жаза арқалады. Сот "Қазаэронавигация" мекемесінің қызметкерін 27
адамның өліміне себепкер деп шешті. Бұдан бөлек Ақылбековке жәбірленушінің
талап-арызы негізінде 1 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы шешім шықты.
Оған қоса 892 мың теңге сот шығындарын да өтейтін болды.
Шекара қызметінің
басшылығы мінген АН-72 ұшағы 2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент түбінде,
әуежайға бар болғаны жиырма шақырымдай қалғанда апатқа ұшыраған болатын. Сот
залынан оралған Айзада Төребекқызы тарқатып айтады.
Осыдан тұп-тура бір жыл төрт ай
бұрын болған қайғылы оқиғаға қатысты іске сот бүгін нүкте қойды. Бас-аяғы 42
томнан тұратын қылмыстық іс Абай аудандық сотында екі айға жуық қаралған
болатын.
Ақылбеков Қанат
Жұмабекұлы ҚР ҚК-нің 295-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін
кінәлі деп танылды. Оған 6 жыл бойы жалпы тәртіптегі қоныс колониясында өтеу
жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек үш жылға дейін әуе-көлік авиациясында
диспетчер қызметімен айналысу құқығынан айырылсын.
Қанат Ақылбековтың қолына сот
залында кісен салынды. Барынша сабырлық танытқан сотталушы бірден қамауға
әкетілді. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айта кетті.
Дальше будете обжаловать? -Да.
-Сіз келісесіз бе, әділ үкім болды деп ойлайсыз ба? - Жоқ.
Сот шешімімен айыпталушының
туыстары да келіспей отыр.Олар сот процесінде келтірілген дәйектерді әу бастан
негізсіз деп таныған.
Жұмабек Ақылбеков, Қанат Ақылбековтың
әкесі:
Ешқандай әділдік жоқ. Соттың өзі
де сондай сатылған. Адвокаттар бәрі дәлелдегенімен, соған қарамаған. Қанша
экспертиза болды. Соның ішінде бірде-бір не болмаған әскерилердің экспертизасымен шығарған осы әділетсіз нәрсені. Өйткені алдында екі эксперт,
одан кейін халықаралық авиациялық комитет шешімі бар «диспетчер кінәсі жоқ
бұл жерде, қатысы жоқ бұндай апатқа». Міне осы тірлікті көріп отырсыздар.
Күллі жұрттың қабырғасын
қайыстырған қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болды. Әуе апатынан
мерт болған 27 адамның жетеуі - экипаж мүшесі. Жиырма жолаушының он тоғызы - шекара
қызметінің басшылары. Олардың арасында ҰҚК шекара қызметі директорының міндетін
атқарған Тұрғанбек Стамбеков пен оның зайыбы да болған. Әскери топ жылды қорытындыламақ
мақсатта Астанадан Шымкентті бетке алып ұшып шыққан. Алайда АН-72 әскери ұшағы
діттеген жерге санаулы шақырым қалғанда, күл талқан болды.
Алғашқыда апатқа
себеп болған басты фактор ауа-райының қолайсыздығы деп айтылған болатын. Кейін
жаңа фигурант пайда болды: әскери прокуратураның мәліметінше, сол күні кезекте
болған диспетчер әуе кемесін 2 мың 150 метр биіктікте негізсіз ұстаған.
Прокуратураның пайымынша, апат тікелей әуе кемесі экипажының қонуға белгіленген
кестені бұзуы салдарынан болды. Өйткені экипаж Ақылбековтен 2 минуттай уақыт
ұшақтың төмендеуіне рұқсат күткен.
Сайдыбаттал Тоқбергенов, Абай
аудандық сотының судьясы:
Оның түсу қонақтау схемасын
бұзғаны үшін деп айыптап отырмыз. Одан басқа және қосымша MSAW дейтін авариный
сигналдар бар. Оған да көңіл бөлмеген. Негізінде хабар беру керек еді экипажға,
жерге жақындап жатсың, мынандай сигнал жанып жатыр деген. Ондай диспетчер
Ақылбеков жақтан осындай кемшіліктер орын алған.
«Қазаэронавигация» мекемесі басшылары да сот
үкімімен келіспейтіндіктерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, нақты келтірген
дәлелдері сотта ескерілмеген. Үкім он бес күн ішінде күшіне енеді. Қанат
Ақылбековтың туыстары енді аппеляциялық сотқа талап-арыз түсіреміз деп
тарқасты.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ