Русский Сайттың толық нұсқасы

Соңғы 6 айда «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны 25 мың адамға қысқарды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2014
  • 1103

«Нұр Отан» партиясының «қатары тазартылмақ». Бұл туралы партияның бақылау комитетінің кезекті отырысында мәлімденді. Ендігі кезекте партиялық тәртіп пен жарғы талабын өрескел бұзғандар, мүшелік жарнаны төлеуден жалтарғандар және қандай да бір себепке байланысты партиямен байланысын үзгендер партия қатарынан шығарылады. Сондай-ақ аймақтардағы 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарында мониторинг күшейтіледі.

Жалпы соңғы 6 айда «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны 25 мың адамға қысқарды. Партия қатарынан шығарылғандардың ішінде жемқорлыққа жол бергендер де бар. «Бұл үрдіс саннан гөрі сапаға мән беріп, партияның сапалық құрамын түбегейлі жақсартуға орай жүргізіп жатқан партия саясатымен байланысты», - деп түсіндірді партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов.

Сондай-ақ шара барысында Солтүстік Қазақстан облысындағы партиялық жарналардың төлемін есептеу, қоғамдық қабылдау мен партиялық бақылау комиссиясы жұмысының мәселесі қаралды.

Жұрағат БАМАН