Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет дарынды қызметшілерді қолдауға дайын

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 1391

Мемлекет дарынды қызметшілерді қолдауға дайын. Бұл туралы Мемлекеттiк қызмет істері агенттiгi төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеді. Мекеме басшысының айтуынша, қызметіне үздік, дарынды азаматтар мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс. «Соның арқасында мемлекеттік қызметтегі еңбек өнімділігін арттыру мүмкіншілігі ұлғаяды», - дейді Байменов. 

Әлихан Байменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

Алдағы уақытта бiз дарындарды басқару жүйесiн құрастырмақпыз. Мысалы, Францияда әр мектеп директоры, аудандық мемлекеттiк органның жетекшiсi өзінің қол астында жұмыс iстейтiн адамның бойында ерекше дарынды байқаса, Францияның құзыреттi министрлiгiне ақпарат беруi тиiс. Алдағы уақытта бiз де осы жүйенi енгiзгiмiз келедi.

Сондай-ақ, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша отандық тест әзірлеуге биыл алғаш рет қаржы бөлінгендігін жеткізді. Байменовтың айтуынша, келесі жылдан бастап заңнамалар базасы бойынша білім талаптары қысқарып, адамның біліктілігін сынау тесті күшейтіледі.

Әлихан Байменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

Біз тестілеуді Қазақстанда 1999 жылдан бері тәжірибе жүзінде қолданып келеміз. Ал кейбір дамыған елдерде тестілеу адамның құзыретін, қабілетін бағалауға негізделеді. Бірақ біздің тарихымызда мұндай тәжірибе болмағандықтан, бұл істе өте сақтықпен қарауымыз керек. Сондықтан да былтыр «А» корпусына іріктеу кезінде осы тестілеудің отандық үлгісін сынақтан өткіздік.

Жұрағат БАМАН