Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының қаржы полициясы Асылбек Құбайдуллинге қатысты ұстау хаттамасын рәсімдемеген

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 1620

Атырау облысының қаржы полициясы екі күн бұрын өз-өзіне қол жұмсаған Асылбек Құбайдуллинге қатысты іс қозғағанымен, ұстау хаттамасын рәсімдемеген. Бұл туралы құқық қорғау органының өңірлік департаменті бүгін түсініктеме берді.

Оралбек Жұмағалиев, Атырау облысы бойынша ЭҚСЖҚК департаменті басқарма бастығының орынбасары:

Құбайдуллинді ұстау ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132 бабына сәйкес жүргізілген жоқ. Ұстау туралы хаттама рәсімделген жоқ. Жауап алу кезінде Құбайдуллинге ұрып-соғып күш көрсетті деген ақпарат ешқандай шындыққа жанаспайды. Тергеу кезінде ол өзін жайсыз сезінгендіктен жедел жәрдем шақырылып, ауруханаға жатқызылды. Сондықтан күдіктіге қатысты iс жүргiзуде мәжбүрлеп ұстау түріндегі шара қолданылған жоқ, сондай-ақ тұтқынға алу шарасы да алынбады.

Еске салайық, қаржы полициясы қызметкерлері 21 сәуірде Атырау облысындағы Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы Асылбек Құбайдуллинді браконьерлерге қамқорлық көрсетті деген күдікпен ұстады. Полиция шендісі 250 мың теңге мен 3 келі уылдырық алу кезінде тұтылған. Кейін денсаулығы нашарлап, ауруханаға жеткізіледі. Бірақ бейсенбіде ол ауруханадан терезе арқылы қашып кеткен.

Алайда 4 күннен соң 32 жасар полиция майорының денесі Атырау қаласындағы құрылыс нысандарының бірінен табылды. Алдын-ала болжам бойынша, өз-өзіне қол салған болуы мүмкін. Ата-анасы жалғыз ұлдарына құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілді деп санайды. 

Базаргүл ІЗІМОВА