Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандының ғалымдары топырақ астындағы қуыстарды анықтап жатыр

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2014
  • 1249

Қарағандылық ғалымдардың пікірінше, Риддердегі тұрғын үйдің жер астына кетуінің алдын алуға болар еді. Ол үшін жер қыртысында болып жатқан өзгерістерді уақытылы бақылап, зерттеу керек. Сонда ғана су тасқыны мен көшкінді, ғимараттардың опырылуын дәлме-дәл минуты мен миллиметріне дейін білуге болады. Кеншілер қаласының жаңа сызбасының бет-бейнесі туралы келесі бейнематериалда толығырақ.

Мына сызбада көк түспен қатерлі аумақтар белгіленген. Мысалы, Қарағандының оңтүстік-шығыс ауданындағы топырақ біртіндеп шөгіп барады. Бұл өлкеде бір жарым ғасырдан бері көмір өндіріліп келеді. Жер қыртысындағы қауіпті өзгерістерге осы жайт себепкер болып отыр.

Ал шаһардың өзі алып көмір пласттарының үстінде орналасқан. Спутниктік радармен сканерлеуден өткізілген қазіргі Қарағандының жайы мүшкіл. Өйткені, табиғат-ана адамзат қолымен жасалған өзгерістерге шыдас бере алмайды. Осылайша, Абай, Шахтинск, Шахан және Саран секілді кеншілер қалалары уақыт өткен сайын шөгіп барады.

Фарит Низаметдинов, профессор, ҚарМТУ маркшейдер ісі және геодезия кафедрасының меңгерушісі:

Кез келген деформация үлкен апатқа әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, жерасты жыныстарының өзгеруіне жол бермеу керек.

Мысалы, Костенко атындағы кенішті игеру барысында Қарағандының тұтас бір ауданы шөгіп, ойпат жерлерге жиналған су көлге айналды.

Санаулы жылдар ішінде бұл аумақтағы топырақ 2 метрге дейін отырып, алдымен панельді және кірпіштен салынған гараждар қирады. Шөккен топырақпен бірге қозғалған бұл нысандардың қабырғалары жарылып, кейін опырылып құлады. Жер қыртысының тірі ағза секілді ұдайы өзгеріп, қозғалыста болатынын айтқан ғалымдар Қарағандыдағы тұрғын үйлерді де қадағалап тұру керек дейді. Қазірдің өзінде Ленин мен Қарағанды көшелеріндегі ондаған үй ыдырап кетпес үшін, құрсауға алынып, бекітілді. Осыдан кейін ғана қауіптің беті сейілген. Дегенмен, ғалымдар Қарағанды жер асты қаласына айналып кетпесі үшін босап қалған жер қыртысын толтырып тұрған жөн, дейді.

Дмитрий Мозур, ҚарМТУ маркшейдер ісі және геодезия кафедрасының доценті:

Көмірден босап қалған қуысты өңделген жыныспен толтыру керек. Бірақ біздің табиғат пайдаланушылар бұл мәселені ескерер емес.

Қарағанды облысындағы шөккен топырақ ұзын пласттың үстінде орналасқан. Сондықтан, Риддердегі төтенше жағдай мұнда қайталанбайды. Онда руда жер бетіне баған ретінде шығарылғандықтан, топырақ ауыр салмақты көтере алмайды. Бірақ спутник түсірген суреттер мен арнайы есептеулердің нәтижесінде үлкен қатердің алдын алуға болады.

Осылайша, плотина, бөгеттердің, тұрғын үйлердің опырылуына жол бермей өзен суының қозғалысын да бақылауға болады. Маркшейдерлер Одағы Қазақстан үшін арнайы бағдарламаны жасақтамақ болғанымен, ғалымдардың бастамасы қолдау таппады.

Фарит Низаметдинов, профессор, ҚарМТУ маркшейдер ісі және геодезия кафедрасының меңгерушісі:

Біз өз бағдарламамызды осыдан екі жыл бұрын технопаркке ұсындық, бұл іске қомақты қаржы қажет болмаса да, ондағылар бұл істен бас тартты. Сондағы керек ақша 30 миллион теңге. Егер қолдау болса, біз топырақ қыртысының жылжуын анықтайтын қазақстандық бағдарламаны жасап шығарар едік.

Ғарыштан түсірілген 30 сурет үшін қарағандылық ғалымдар еуропалық компанияларға жүздеген мың доллар төлепті. Енді геодезистер отандық спутникке үлкен үміт артып отыр. Өйткені, бұл ғарыш аппараты дұрыс жұмыс атқарса, пайдасы Қазақстанға да тимек.

Еркін ҚАРИН