Русский Сайттың толық нұсқасы

Жапондықтардың қазақ нарығына қызығушылығы зор

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2015
  • 1430

«Күншығыс елі» атом электр станциясының құрылысына қатысуы әбден мүмкін фаворит ел". Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев осыны атап өтті. Жапония премьер-министрімен  ере келген алпауыт кәсіпорындарының басшылары Астанада Қазақ-Жапон бизнес форумына қатысты. Кәсіпкерлердің қызығушылығы сонша, олар тіпті залға симай, түрегеп тұруға мәжбүр болды. Бизнес форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Үкіметі басшысы да қатысты.

Илтипатпен иіліп имендіретін жапондықтар бизнес форумға барынша дайындалып келген. Инвестициялық жобаларын жайып тастады. Әлемдік нарықтың салқыны Қазақстан мен Жапонияның сауда-экономикалық қатынасына әсерін тигізбей қоймады. Екі ел арасындағы экспорт пен импорт ауқымы айтарлықтай азайған. Сондықтан  бүгінгі бизнес форумның берері мол деп үміттенеді қос тарап. 300 адам қатысады деп күтілген форумға 500-ден астам адам жиналды. Кәсібін көтеремін деп келгендердің қарасы мол. Кейбірі орындықтарын өздері сүйреп әлек. Жиын шамамен екі сағатқа кешігіп басталды. Ең алдымен жапондықтар еліміздің энергетикалық әлеуетіне қызығушылық танытуда. Белгілісінен гөрі белгісіз тұсы басым атом электр станциясының құрылысынан дәмелі.

 

 Рахым Ошақбаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Атом электр станциясының құрылысын жоспарлау, жобалау жұмыстарына мердігер болуы әбден мүмкін деген компаниялар - жапон корпорациялары. Бірақ шешім әлі қабылданған жоқ. Түрлі нұсқалар қаралып жатыр. Дегенмен Жапония фавориттер қатарында.

Тецуро Ивами,  «Marubeni Utility servises» компаниясының президенті:

Қазақстанда атом электр станциясын салуға Жапонияның қызығушылығы әрине зор. Біздің бұл салада тәжірибеміз бар. Соны пайдаланып біз тиімді ұсыныс жасағалы отырмыз. Яғни қазір осы жобаға қатысу мүмкіндігін іздестіріп жатырмыз

Қазақ-жапон сауда-экономикалық достығы аясында мөр басылып, жүзеге асады деген жобаның бірі жапондық «Jogmek» компаниясы мен отандық «Қазгеология» арасындағы  меморандум. Тараптар қазақ даласында сирек кездесетін металл қорын барламақ. Жобаға жапондықтар қаржы құйған.  

Ғалым Нұржанов, «ҚазГеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

Шамамен 5-10 млн доллар.  Геологиялық жұмыс барысында жақсы қор табылып жатса сирек металдардың яғни сол компания болашақта завод салып, өзінің технологиясын әкеліп қалай өңдеу керек екенін сол технологияларды әкеледі деген ойдамыз.

Бизнес форумға арнайы қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Жапониямен әріптестігін жоғары бағалайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бізде 720 млн доллар капиталмен жұмыс істейтін 50 жапондық компания кәсібін дөңгелеткен.   

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл компаниялар көліктік, тау-кен, металлургиялық, химиялық және машинажасау салаларында қызмет етеді. Қазіргі уақытта құны 700 млн доллар болатын өзге де болашағы бар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Олардың арасында этанол өндірісі, онкологиялық аурулардың диагностикалық орталығының құрылысы, «Тайота» моделінің жаңартылған нсұқасының жобасы, терминалдар құрылыс сынды өзге де бағыттар бар.

Елбасы күншығыс елінің бизнес алпауыттарын елімізде жүріп жатқан кәсіпорындарды жекешелендіру науқанына атсалысуға шақырды. «Самұрық-энергоның» басқарма төрағасы  біздің арнаға берген сұхбатында Екібастұздағы су электр станцияларының халықтық «IPO» бағдарламасына қатысып, бәсекелі ортаға шығатынын айтып қалды.

Алмасадам Сатқалиев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

Екібастұздың ГРЭС 1 және ГРЭС 2 өндіріс ошақтарын қазіргі уақытта жекешелендіруге шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар «Самұрық-энерго» компаниясының «IPO» бағдарламасы аясында оңтайландыруға жатады.

Қазақ-жапон ынтымақтастығының арқасында барлығы 14 құжатқа қол қойылды. Жобалардың жалпы құны 1,5 млдр долларды құрайды.

 А.ӘДЕПБАЙ