Русский Сайттың толық нұсқасы

Экономикалық одақ туралы шарт жобасының қорытындысы шығарылды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2014
  • 1275

Еуразия экономикалық одағын құру кезінде оған мүше елдердің құқықтық нормалары мен мүдделері сақталуы қажет. Мұндай бастама Қазақстан Президенті тарапынан Минск басқосуында көтерілді. Келіссөздер барысында Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды. Экономикалық одақ туралы шарт жобасының қорытындысы шығарылды. Жиында әр тарап өз ұстанымын қорғап бақты. Интеграциялық үдеріске қатысушылардың тізімін кеңейту де назардан тыс қалмады. Қазақстан Президенті одақ туралы шарт жобасын жасау кезінде пысықтауды қажет ететін жайттарға назар аударды. Одақты қалыптастыратын мемлекеттердің барлық құқықтық нормалары мен мүдделерін сақтау қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Одаққа өзге де әріптес мемлекеттер енгісі келіп қызығушылық танытуда. Барлық мәселелерді біз Кеден одағын құру және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезінде талқылағанбыз. Бүгін де әр тармақты сеніммен талқылап, не істегеніміз жөн екенін шешеміз деп ойлаймын.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғысым мен ризашылығымды білдіремін, өйткені ол осы бірлестіктің негізін қалаушылардың бірі. Кеден одағы жұмыс істеп, нақты пайда әкелуде. Мұны елдеріміздің экономикалық өсімінен байқап отырмыз. Біз өзара ықпалдастықты тереңдету бағытында тағы бір қадам жасап, ынтымақтастығымызды одан да жоғары деңгейге шығара аламыз.

Ал Еуразиялық интеграция форматындағы мұнай мен газдың ортақ нарығы 10 жылдан соң ғана жүзеге асады. Әзірге аталған салалардағы қарым-қатынас екі жақты келісіммен реттеледі. Яғни Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы мұнай саудасының қазіргі жай-күйі 2025 жылға дейін сақталуы әбден мүмкін. Бұл жөнінде Еуразия экономикалық комиссиясының алқа төрағасы Виктор Христенко мәлімдеді.

Виктор Христенко, Еуразия экономикалық комиссияның алқа төрағасы:


Жоба бойынша пікір қайшылығы жойылды. 2025 жылға дейін мұнай, газ және мұнай өнімдері саудасына қатысты мәселелер қолданыста жүрген келісімдермен реттеледі.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА