Алматыда ірі қаржы алаяқтығы әшкере болды. Қаладағы екінші деңгейлі
банктердің бірінен 1 млн АҚШ долларынан астам қаражатты алдау-арбау жолымен
алып кеткен күдіктілер құрықталды.
ІІД берген ақпаратына сай, жинап-терген
қаражатынан айырылып қалған азамат полицияға ақпан айында арыз жазған. Арада
екі ай өткенде ішкі істер органының қызметкерлері қылмыстық құйтырқылықты
ұйымдастырған бес адамның барлығын ұстады. Қылмысты басқарып, нұсқау беріп
отырған банктің өз қызметкері болып шықты. Қаржы ұйымында бөлім басшысы болып
жұмыс істейтін әйел сыбайластарымен бір мезетте 1 млн 108 мың АҚШ долларын еш
қиындықсыз қолды еткен. Жалған сенімхат жасатып, дәл ақша алар сәтте қаржы
иесінің ұялы телефонының өшіп тұруына дейін қамтамасыз еткен.
Аса ептілікпен
жасалған алаяқтық әрекеттен соң басты ұйымдастырушы банктен жұмыстан шығып кетіпті.
Ал қыруар қаражатты күдіктілер пәтерлер мен қымбат автокөліктер алуға жұмсаған.
Қазір алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
Олар толығымен өз кінәларын мойындады. Олардың жасаған іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 177-бабы 4-тармағымен көзделіп отыр. Жуырда бұл қылмыстық
іс сотқа жоладады. Мәлім болғандай олар қаражатты иемденген соң, өздерінің
қаржылық жағдайларын көтеруге жұмсаған.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ