Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддер қаласындағы үйі жер астына түскен отбасыға жаңа баспананың кілті табыс етілді

  • AstanaTV
  • 01 мамыр 2014
  • 1442

Риддер қаласындағы опырылған кенішке түсіп кеткен баспана иесіне пәтер берілді. Қаланың қақ ортасында орналасқан екі бөлмелі баспанаға ие болған Анастасияның қуанышында шек жоқ.

Опырылған кенішке иелік ететін «Казцинк» ЖШС пәтерді толық жөндеуден өткізіп, ішін жиһазға толтырып қойған. Бәрі үй иесінің қалауынша жасалған. Енді Анастасия бұл баспанада бүлдіршінімен бірге алаңсыз өмір сүретінін айтады.

Анастасия Татарникова
, Риддер қаласының тұрғыны:

Бүгін бұл үйде алғаш рет қонамыз. Жиһаздан бастап ыдыс-аяққа дейін өзімнің қалауым бойынша таңдалып алынды. Кей тұстарда мамандар кеңес берді әрине. Дегенмен, біз бастан кешірген қорқынышымыздан қашан айығарымызды әлі білмейміз.

Апатқа жауапты мекеме болса, Анастасияға көрсетілген көмек мұнымен таусылмайтынын айтуда. Мекеме Анастасияның әкесіне осы қаладан жеке бір бөлмелі пәтер алып бермек.

Айта кетейік, Риддер қаласында 1 бөлмелі пәтер құны - 15-20 мың АҚШ доллары шамасында.

Лариса Вдобина, «Казцинк» ЖШС әлеуметтік көмек бөлімінің маманы:

Біз бұл үйді орамалдан бастап барлық керек-жарақпен жабдықтадық. Настяның әкесіне де пәтер алып қойдық. Құжаттары рәсімделіп, жөндеп, жабдықтап жатырмыз.

Қазір опырылған кеніш салдарынан зардап шеккен 63 отбасыға 100-200 мың теңге көлемінде түгелдей жәрдемақы алды. Ортасына түскен кеніш болса, толығымен бетонмен толтырылды. Мамандардың айтуынша, тұрғындарға енді одан келіп-кетер еш қауіп жоқ.

Айта кетейік, кен орны 5-сәуірде опырылып, бір баспана 21 метр тереңдікке түсіп кеткен болатын.

Қанат ОРАЛБЕК