Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалған ақпар таратушылар қамауға алынуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2014
  • 1765

«Жаптым жала, жақтым күйе» деген ұстаныммен кім көрінгенді қаралайтындарға жаза тағайындалады. Жалған ақпар таратушылар тіпті қамауға алынуы мүмкін. Осындай талаптарды көздейтін жаңа заң бүгіннен бастап күшіне енді. Парламентте бір жылға жуық уақыт талқыланып, Елбасының қол қоюына ұзатылған құжат ақыры қабылданды. Енді жала жауып, қоғам алдында біреудің беделін түсірушіге немесе арандатушылықпен айналысқандарға 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал қоғамдық ұйымдар мен журналистер қауымдастығы жаңа заңды сынға алып жатыр. 

Жаңа заң Парламент қарауына түспей тұрғанда, жала жауып істі болғандар 60 тәулікке қамалатын. Болмаса, арызданушының талап етуіне қарай, қомақты айыппұл салынушы еді. Алайда өткен жылы көктемде қылмыстық кодекс қайта түзілді. Енді заң талабы айтылған сөзде дәйек болмаса немесе ақпарат қасақана арандату мақсатында таратылса - ұзақ мерзімді түрмеге қамауға әкеліп тірейді.

Михаил Кленчин, заңгер:

Қоғамдық тыныштықты сақтау үшін, осындай қадамға барып отырмыз деп ақталады заңды жазғандар. Алдын ала біліп таратылған жалған ақпарат деген де терминдер кездеседі. Бұл жағы бізге түсініксіз. Ақпараттың жалған немесе шынайы екенін ажырататын механизмдерді реттейтін қосымша құқықтық актілер қабылдау қажет деп ойлаймыз. 

Заңның осылайша қатаңдауы әсіресе журналистер қауымын ойлантады. Себебі «ар-ожданды қорлау» мен «сын садағына алудың» ара-жігін әлі ажырата білмейтін қоғамда ақты ақ, қараны қара деп айту қиын. Кейбіреулер тіпті «сынды» жала жапты деп қарастыратын болса, Қазақстандағы журналистік зерттеу жанрын жойып жіберу қаупі күшейеді. "Кейде «қиыс жаздың» деп миллиондаған айыппұл салып тентіретіп жіберетін заң орындары тәуелсіз баспасөзге одан ары шүйлігеді", - дейді сарапшылар.

Михаил Кленчин, заңгер:

Жақында бір азамат банктер банкротқа ұшырайды деп СМС хабарлама таратқаны үшін жазықты болды. Оған 20 күн түрмеде отыруға жаза тағайындалды. Егер ол қылмысты жаңа заң қабылданған соң жасағанда, ұзақ мерзімге сотталар еді. Айта кету керек, мұнда сол азаматтың қылмысының ауыртпалығын заң емес, тергеуші анықтап отыр. 

Жала жабуға қатысты қылмыстық істер статистикасы: 2010 жыл мен 2014 жылдың бірінші жартысы аралығында жала жабу бабы бойынша 1 мың 480 іс қозғалған. Бірақ оның жартысынан көбі қылмыстық сотта қаралатын тұрмыстық тіл тигізу мен ерегесулер болғандықтан, тоқтатылған. Ал 65 іс сотта қаралып, 2000 жылдан бері 19 адамның үстінен түрмеге қамау туралы үкім шығарылған. Бұл Бас прокуратураның мәліметтері.

Билік органдары ауыздағыны аңдап сөйлеу керек деп ескерткенімен, азаматтардың еркіндігі шектелмеуі тиіс. Десе де адамдардың ар-ожданы - қоғамның ең басты құндылығы. "Жаңа заң тек осы жағын қамтамасыз етеді", - дейді қадағалаушы мекеме өкілі. 

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

Меніңше, журналистер үшін мұнда алаңдайтын ештеңе жоқ. Егер журналист ақпараттың жалған әрі жала екенін алдын ала білсе, ол туралы жазудың қажеті шамалы. Сол кезде бұл мамандық иесінің артынан заңдық қудалау жүргізілмейді.

Халықаралық ұйымдар мен өзіміздегі үкіметтік емес мекеме өкілдері заңның алғашқы сатысындағы талқылауларға қатысқан. Тиісінше өз ұсыныстарын да енгізді. Олар жала жабу, жалған ақпарат тарату бойынша «гуманизмге» иек артып, заңның мейілінше жұмсақ болуын алдыға тартты. Бір сөзбен айтқанда, заң баптарымен қудаланатын қылмыстың сипатын азайтуды сұраған. Алайда Мемлекет басшысы заң шығарушы органның ұсынған заң жобасын мақұлдап, қол қойды. Заң бүгін, яғни 6 мамырдан бастап күшіне енді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ