Елбасының
тапсырмасымен құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия алғашқы отырысын 14
мамырда өткізеді. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан
Сағынтаев хабарлады. Жер кодексінің нормаларын түсіндірумен айналысатын
комиссияның бүгінде құрамы бекітілді. Оған Бақытжан Сағынтаевтың өзі басшылық
етеді. Комиссияға барлық өңір өкілдері қамтылды. Яғни Үкімет ел үшін, оның
бейбіт болашағы үшін алаңдайтын азаматтарды ашық пікір-таласқа шақырып отыр.
Халықты
барынша қамту үшін облыстық әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер
жұмысқа жұмылдырылмақ. Комиссия құрамына 75 адам кіреді, олардың iшiнде Сенат
және Мәжiлiс депутаттары, Үкiмет мүшелерi, мемлекеттiк органдардың, саяси
партиялардың, агробизнес өкiлдерi, ғалымдар, қоғам белсендiлерi бар. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар
Құл-Мухаммед, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, сонымен қатар
Жақсылық Үшкемпіров, Жүрсін Ерман, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Жармахан
Тұяқбай, Мұхтар Шаханов, Марат Шибұтов сынды саясаттанушылар, қоғам
қайраткерлері мен ақын, жазушылар бар.
Бақытжан
Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Комиссия
біздің азаматтарымызды барынша пікір-таластар барысы туралы дұрыс ақпаратты БАҚ
режимінде ашық түрде алу үшін жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа арнайы жер
туралы нүкте кз порталы іске қосылды. Онда комиссияның жұмысы туралы барлық
ақпарат ашық түрде орналастырылатын болады. Мұнда қолданушылар өздерінің
көкейкесті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын қалдыра алады. Бұған қоса арнайы
колл-центр де жұмысын жасайтын болады. Алғашқы отырысымыз Астана қаласында 14
мамыр күні өткізіледі деп жоспарлануда. Бұған қосымша біз өңірлерде де осындай
отырыстарымызды өткізетін боламыз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ