Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облыстық драма театры «Мәңгілік оттың жарығы» атты спектакль қойды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2014
  • 2962

Қостанай облыстық драма театрының ұжымы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы жайлы қойылымды сахналады. Сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін спектакль көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Айрықша атап өтетін тұсы - бұл туындының авторы жоқ. Қойылымның мазмұнын театр режиссері сарбаздардың  жазған хаттарынан, деректі құжаттар негізінде, соғыс туралы жазылған көркем шығармалардың үзінділерінен құрастырған.

Сахнада сарбаздың рөлін сомдаған Сағит Ерешев бұл қойылымда бар өнерін көрсетіп бақты. Ол сұрапыл соғыс жылдарын іштей сезініп, терең түсінуге тырысыпты. Жас әртіс рөлін жан-тәнімен беріле сомдады. Өйткені бойындағы бар өнерін соғыстан оралмаған атасына бағыштағанын айтады.

Рөлді сомдау өте қиын болды. Өйткені сарбаздың бейнесін  жан-тәніңмен сезіну керек. Тіпті рухани дайындық қажет болды десем артық емес шығар. Сонымен қатар біздің мақсатымыз сол батыл аталарымыздың асқан  ерлігін өскелең ұрпаққа өнеге ретінде көрсету еді.

«Мәңгілік оттың жарығы». Осындай атаумен көпшілікке ұсынылған сахналық қойылым сарбаздардың хаттарынан, баспасөзде жарияланған деректі құжаттардан және соғыс жайында жазылған көркем туындылардан құрастырылған. Әскери әуенмен көмкерілген көрініс көпшілікті бірден баурап, сол соғыс жылдарына жетелей жөнеледі.

Зарина  Құсниярова, көрермен:

Біз соғысты көзбен көрген жоқпыз. Бірақ оқулықтардан білеміз. Осы театрға келіп, соғыс сәттерін өз көзімізбен көргендей болдық.

Қостанайдағы орыс драма театры жыл сайын Жеңіс күнін өзгелерден өзгеше  қарсы алады. Биыл тағы тың туынды сыйлады. Ұлы отан соғысы жайлы осы қойылымды сахналау үшін театр ұжымы бір жыл дайындалған.

Александр Лиопа, Қостанай облыстық орыс драма театрының бас режиссері:

Бұл қойылымды көркемдік, мазмұндық жағынан жан-жақты көрсету үшін көп іздендік. Мұрағаттарды қопарып, хаттарды оқыдық. Деректі құжаттар үзінділерін жинап, сол тұстағы әуендер жинағын таптық. Сондықтан сахналық қойылым сәтті шықты деп ойлаймын.

Спектакль  барысында кеңес әскерінің батылдығы мен батырлығы, Отаны үшін от пен судан тайынбағандығы баяндалады.Тіпті қан майдандағы қарсыластың қобалжуы,  неміс сарбаздары жазған хаттардан үзінді ретінде келтірілген. Сахналық қойылымды театр  әртістері жақсы сомдап, көрермен көңілінен шықты.

Заңғар САНАЙ