Русский Сайттың толық нұсқасы

Жол ережесін бұзуға қатысты айыппұл мөлшерінің артуы 10 күн ішінде оң нәтижесін берді

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2014
  • 1091

Жол ережесін бұзуға қатысты айыппұл мөлшерінің артуы 10 күн ішінде оң нәтижесін берді. Бұл жайында бүгін Астана қаласының Ішкі істер департаментінде мәлімденді. Заң күшіне енгелі бері жол ережесін бұзу фактілері азайған.

Заңға енгізілген өзгерістерге сай, ереже бұзушыларға салынатын айыппұлдардың көлемі 8 бап бойынша артып отыр. Мәселен, мүгедектерге арналған арнайы тұраққа көлік қоюға әуес жүргізушілер бұрын-соңды ешқандай жауапкершілікке тартылмаса, енді айыпқа тартылады - 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде құн төлейді. Бұл 92600 теңгеге тең. Ал жолдың қарсы бетіне шыққан жүргізушілер 1 жылға көлік жүргізуден шеттетіліп, 15 айлық есептік көрсеткіш айыптың орнына енді 50 айлық көрсеткіш көлеміндегі қаражатынан қағылады. Жаңа заңға сәйкес жүргізушілердің полиция қызметкерінің рұқсатынсыз көліктен шығуына да тиым салынады.

Сонымен қатар, заң жүргізушілерді дайындау орталықтарына қатысты да күшейтілді. Талап бойынша жүргізуші куәлігі 3 айлық дайындық курстарынан кейін ғана берілуі тиіс. Бұл талаптарды орындамаған мекемелер лицензиядан айырылады. Алайда айыппұл көлемінің артуымен қатар жеңілдіктер де қарастырылған. Айыбын алғашқы 3 тәулікте өтеген жауапты жүргізушілер 30%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдіктерге ие болады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қатаң өзгерістер жолдағы қайғылы оқиғаларды азайтуға септігін тигізетін көрінеді.

Серік Әбілдин, әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөлімі бастығының орынбасары:

Көлікті мас күйінде жүргізсе, бірінші рет ұсталса, 3 жылға жүргізу куәлігінен айырылады, екінші рет ұсталса, 6 жылға айырылады, 15 тәулік әкімшілік қамауға салынады. Үшінші рет ұсталса, 10 жылға жүргізу куәлігінен айырылады, оның ішінде 30 тәулік әкімшілік қамауға алынады.

Еске салайық, жол жүру ережесін бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер 30 сәуірде заңды күшіне енді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ