Русский Сайттың толық нұсқасы

«Газпром» Украинаға газ тасымалын тоқтатуға дайын

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2014
  • 818

«Газпром» маусымның 3-нен Украинаға газ жіберуін тоқтатпақ. Бұл туралы Ресей холдингінің басшысы Алексей Миллер премьер-министр Дмитрий Медведевпен болған кездесуінде хабарлады. Одан қалды, бүгіннен бастап көрші елге газ жеткізу алдын ала төленген ақысыз жүргізілмеуі мүмкін. Бұл шара Еуропаға да қиын соғатыны белгілі. Өйткені, Украина Еуроодақ елдеріне арналған газды еш тосқауылсыз тоқтата алады.

Мәскеу мұндай шараны «Нафтогаздың» үлкен қарызына байланысты қолданып отыр. Мамырдың басында ресей газы үшін қарыз 3,5 миллиард долларды құрады. Бұл басқа жылдармен салыстырғанда, рекордтық көрсеткіш деуге болады. Мәселен, өткен жылы қарыз көлемі 900 миллион доллар болған.

Сондықтан, Ресей президенті Владимир Путин қарызды өтеу үшін қосымша бір ай уақыт берген болатын. Бірақ Киев бұл қарызды мойындамайтынын айтады. Украинадағы қақтығыс халықаралық деңгейдегі экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард Handelsblatt. атты неміс газетіне берген сұхбатында айтты.