Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаржы мен мүлікті заңдастыру мерзімі белгілі болды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2014
  • 1547

Елімізде капиталға рақымшылық жариялау мерзімі белгілі болды. Биыл қыркүйектің бірінен бастап келер жылдың желтоқсан айына дейін көлеңкелі меншік пен табысты заңдастыруға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет мүшелері мәлімдеді.

Жауапты министрлер бір жырым жылға ұласатын науқан шарттарын түсіндірді. Біріншіден, заңдастырылған қаражат үшін екінші деңгейлі банктерде арнайы есеп-шот ашылады. Оған салық салынбайды. Керісінше қатардағы депозит ретінде пайыздық өсім қосылады. Бастысы бес жыл бойына қаражат банкте айналуы тиіс. Немесе отандық құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, мемлекеттік құнды қазағдар мен айпио шеңберінде, басқа да фонд биржаларының құнды қағаздарын сатып алу арқылы инветиция жасауға болады.

Ал егер заңдастырушы банктегі қаржыны бес жылға жеткізбей, жеке қажеттілік үшін қолға қайтарса, жалпы сомадан 10 пайыз комиссия ұсталады. «Бұл қолдағы ақшаны экономикаға тарту мақсатында жасалатын әрекет», - дейді министр Сұлтанов. Науқан аясында жылжымайтын мүлікті де заң жүзінде меншіктеуге мүмкіндік беріледі. Бұған шет елдегі қымбат апартаменттер де кіреді.

2017 жылдан бастап жалпы жұрт декларция тапсыратын кезде мұндай тасада қалған артық ақша мен мүлікке бола қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін. Үкімет мүшелері бүгінгі заңдастыру осының алдын алу үшін істеліп жатқан әрекет екенін атап өтті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Алдыңғы заңдастыру науқаны бір жылға созылды, ол кезде 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл жолы жергілікті жерлер, жалпы барлығымыз жұмылып дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқасында 10-12 миллиард доллар табыс әкеледі деп есептейміз.

Мөлдір ДҮЙСЕКИНА