Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда кәсіпкер Каркуланы өлтіргендерге қатысты алғашқы сот отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2014
  • 958

Қарақшылардың қолынан қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының кәсіпкері Виталий Каркуланың ұлы әкесін өлтірген қаныпезерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Осы атышулы іске қатысты алғашқы сот отырысы өткізілді.

Айта кетелік, кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен үш адам - Азамат Тоғаев, Мерген Иманқұлов және Кенже Біржанов ұсталған еді. Оларға қылмыстық топ құрып, адам өлтіргені үшін, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін және есірткі заттарын сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 7 бірдей бабы бойынша айып тағылды. Алайда, өз кінәсін ішінара мойындаған күдіктілер, кәсіпкерді тек тонамақ болғандарын айтып ақталып отыр.

Айсұлу Биалиева, БҚО адвокаттар алқасының адвокаты:

Иманқұлов өзінің жабық тонауға барғанын айтып отыр. Тоғаев пен Біржанов тек қана қарақшылықты жартылай мойындайды. Басқа айыптарды мойындамай отыр. Бірақ олардың айыбы алдағы уақытта сотта өз дәлелін тауып, сотпен бағасы беріліп, сотта өз жазаларын алады деп есептеймін.

Айта кетелік, 13-қаңтар күні батыс қазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өз үйінде атып кеткен. Ал оның зайыбы аяусыз соққыға жығылып, ауыр жарақаттанған болатын. Полиция дерегінше, қарақшылар құны 3 миллион 380 мың теңге тұратын әшекей бұйымдар мен 1 миллион теңгені олжалапты.

Тергеу барысында қылмыскерлердің тыңғылықты дайындалғаны, бір емес, екі көлікті сайлап, шолақ мылтық және травматикалық тапаншамен қаруланғаны белгілі болды. Келесі сот отырысы 15-мамырға белгіленді. Оған қазір Ресейде емделіп жатқан марқұм кәсіпкердің жұбайы да қатысады деп күтілуде.

Еркін ҚАРИН