Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия Кипрге 90 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2014
  • 1390

Түркия Кипрге 90 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Еуропаның адам құқығын қорғау соты осылай шешті. Үкімге сәйкес Түркия 1974 жылы Кипрдің солтүстік бөлігін басып алу кезінде адам құқықтарын бұзған. Алайда Түркия билігі Страсбург сотының шешімін мойындамайды және өтемақы төлеуден бас тартты.

Еске салсақ, осыдан 40 жыл бұрын грек-кипрліктер мен түрік-кипрліктер арасында жер дауы туындады. Кипр мен Грекияны қосуды жақтайтындар мемлекеттік төңкеріс жасағанда Түркия әскері аралға баса көктеп кірді. Арал үшке бөлініп, солтүстік Кипр Түрік республикасы атанған.

Алайда оны тек Анкара ғана мойындайды. Халықаралық аренада заңды мемлекет ретінде танылған Кипрдің оңтүстік бөлігінің үкіметі Түркияны бір жарым мың кипрлік гректің із-түзсіз жоғалып кеткені үшін айыптады.

Страсбург сотының шешімі бойынша, қылмыс мерзімі өтіп кетсе де, оған қатыстылар жауапкершіліктен құтылмайды. Сот 30 миллион еуро із-түссіз жоғалған грек азаматтарының туыстарына төленеді деп шешсе, қалған 60 миллионы Карпас аралында тұрып жатқан грек-кипрліктерге моральдық өтем ретінде қарастырылған.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА