Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысына «Союз ТМА-11М» ғарыш кемесінің экипажы табан тіреді

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2014
  • 1083

Бүгін Қарағанды облысына «Союз ТМА-11М» ғарыш кемесінің экипажы табан тіреді. Экипаж құрамында ресейлік Михаил Тюрин, америкалық Рик Мастраккио, сонымен қатар жапондық Коичи Ваката бар. Қону аппараты Жезқазғанның оңтүстік-шығысынан 146 шақырым жерге штатты режимде қонды.

Экипаж мүшелері өздерін жақсы сезінеді. Жоспарланған тәжірибелерін нәтижелі орындаған. Әсіресе адам қимылын бұлжытпай орындайтын жапондық роботты тәжірибеден сәтті өткізген. Ғалымдардың айтуынша, бұл робот мүгедектерге зор пайдасын тигізеді. 

Михаил Тюрин, «Союз ТМА-11М» ғарыш кемесінің мүшесі:

Экипаж мүшелерінің ғарыштағы бірлігі жердегі адамдарға үлгі болуы тиіс. Біз бір бірімізге әрдайым қол ұшын беруге дайын тұруымыз керек.

Ғарыш кемелерінің қону алаңына айналған Қарағанды қаласының таңбасы осы жылдың 28 мамырында орбитаға қондырылмақ. Бүгінде көптеген астронавтар қала таңбасына өз қолдарын қоюда. Аспандағы жұлдыздарға саяхатттан кейін ол қала мұрағатына қайта тапсырылмақ. Космонавттар өз кезегінде қала әкіміне Қарағандының ғарыштан түсірілген суретін сыйға тартты.

Мейрам Смағұлов, Қарағанды қаласының әкімі:

Қарағанды гербі ғарышты бір айналып келуі тиіс. Бұл қаланың 80 жылдығына үлкен сый болар еді. Біз ғарышкерлерді өз жерімізде қарсы алуға әрдайым дайынбыз.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА