Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің өндіруші сала компанияларының жұмысы ашық, әрі халық алдында есепті болмақ

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2014
  • 3684

Қазақстандық өндіруші сала компанияларының жұмысы ашық, әрі халық алдында есепті болмақ. Бұл жайында бүгін орталық коммуникациялар орталығында айтылды.

«Өндіруші салалардың айқындылығы бастамасы» аясында енді отандық өндіруші компаниялар жыл сайын жұмыстарының ашық есебін ұсынып отырады. Ол есепте жыл бойы қанша өнім өндірілгені жайында нақты сандар беріледі деп жоспарланып отыр. ӨСАБ құрамында 39 мемлекет бар халықаралық ұйым. Біздің ел сол 39-дың ішіндегі «бастаманы ұстанушы ел» деген жоғары мәртебелі 27 мемлекет қатарында.

Айта кететін жәйт, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы халыққа жолдауында мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі - халық алдындағы есептілікті арттыру деп қадап айтқан болатын. Сала мамандарының пікірінше, бұл бастама өндіруші салалардағы жемқорлықты тыюға өз септігін тигізбек.

Айгүл Соловьева, ӨСАБ мүдделі тараптар ұлттық кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Ішкі жалпы өнім құрылымында негізгі табыс өндіруші компаниялардан түсіп отыр. Бұл табыс айқын әрі халыққа қолжетімді болуы тиіс. Біз басқару міндеттерін жергілікті органдарға жүктейтін жергілікті басқару заңын қабылдадық. Табыстың қалай ұсатылып жатқанын білу өте маңызды. Бұл халық билік көзі деген конституциялық талаптың орындалуы, халық мемлекет ісіне араласуы тиіс.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ