Төленген өтемақы қазынаға қайтарылсын. Алматы облысы Талғар аудандық
прокуратурасы шаруа қожалықтарының үстінен сотқа осындай шағым түсірді.
Қадағалаушы орган жер иелерінен мемлекет қазынасына миллиондаған қаржыны
қайтарып беруді талап етуде.
Осыдан екі жыл бұрын жергілікті әкімшілік пен жер
қатынастары басқармасы шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімдерін Үлкен айналма
жол құрылысына қажет деп қайтарып алған. Оларға нарықтық бағаға сәйкес өтемақы
төленгенімен, жыл өте прокуратура берілген ақшаны қайта санап, өтемақы артық
төленді деп шешіпті. Мәселенің мән-жайын Маржан Серікқызы анықтады.
Сергей Баденко үшін бұл сүйікті ісі ғана емес, көп жылдық еңбегінің жемісі.
Бұл алма бағын ол 6 жыл бойы аялап өсірген. Десек те, осыдан 2 жыл бұрын оның
жер телімінің бір бөлігі үлкен айналма жолдың құрылысына қажет болып,
мемлекеттік қажеттілік үшін алынған. Нақтырақ айтар болсақ, сол кезде оның 10
гектар жері 4 млн теңгеге бағаланыпты.
Сергей Баденко, шаруа қожалығының
иегері:
Қазір прокуратура бағалау дұрыс жүргізілмеген деген себеппен төленген
қаражатты қайтаруымды талап етіп отыр. Бірақ мен ол ақшаны осы бағыма жұмсадым.
Менде ондай ақша жоқ. Прокуратураның айтуынша, өз кезінде менің жерім дұрыс
бағаланбаған болса, менің кінәм не? Сол кезде олар қайда қараған?
Шаруа қожалығынан айрылып қана қоймай, мемлекетке мыңдаған ақша берешек
болып қалғандар саны бір ғана Талғар ауданында 40-тан асады. Сатып алу кезінде
орташа есеппен 100 шаршы метрі 1300-ден 3000 долларға дейін бағаланған жер
телімдерін әкімшілік бүгін әлдеқайда азайтып қойыпты деп ашулы жиылған жұрт.
Жәмилә Тоғанбаева, шаруа қожалығының иегері:
Қазір 24 млн ақшаны қайтар деп жатыр. Менікі 1 га 10 соток түсіп
тұр. Менің бала шағам бар, мен ол жердің пайдасын көріп жатқанмын. Енді біз
қайда барамыз, не істейміз, ондай ақшаны таба алмаймын.
Ал сотқа шағым түсірген прокуратура өкілдері болса, біз ешкімнен де артық
тиын сұрап отырған жоқпыз дегенді алға тартты. Барлығы заң аясында, яғни
бағалау кадастірлік заңға сәйкес жасалды дейді.
Еркін Жұмағұлов, Алматы облысы Талғар ауданы прокурорының орынбасары:
Бас прокуратураның бұйрығымен үлкен айналма жолының құрылысына қажетті жер
телімдеріне тексеру жүргізу ісі бойынша, шаруа қожалықтарына ақша тиісті
мөлшерден артық төленгені анықталды. Осыны негізге алып, сотқа шағым түсірдік.
Біз сол ақшаның мемлекет қазынасына қайтарылғанын талап етіп отырмыз.
Прокуратура шаруа қожалықтарымен қоса жергілікті әкімшілік пен жер қатынастары
комитетінің үстінен де сотқа шағымданған. Дегенмен, аталған тараптар да тек
заңда көрсетілген талаптарға сәйкес жұмыс істедік дегеннен таяр емес.
Қайрат Алтынбекұлы, Талғар аудандық жер қатынастары мемлекеттік мекемесінің
басшысы:
Құққықтық жағынан жер комитеті өзінің жағдайын қорғайтын болса, онда
бағалаушы компаниялар өзінің берген бағаларына қатысты іс шараларын қорғауы
тиіс деп санаймын.
Дегенмен, наразы топ прокуратураның шағымын орынсыз деп санап, талап
етілген қаражатты қайтарудан бір ауыздан бас тартып отыр.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ