Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы тағы да ұтылды. Әлем чемпионатының
кезекті жарыс күні Ресей командасымен сынға түскен Ари Пекка Селиннің
шәкірттері 7-2 есебімен есе жіберді. Келесі кездесуін еліміздің хоккейшілері
енді АҚШ құрамасына қарсы өткізеді. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов
жалғастырады.
Мамыр айының 22 мен 24 аралығында Астанада аралас жекпе-жектен Азия
чемпионаты өтеді. Құрлық жарысына 11 мемлекеттің спортшылары қатысып, өзара
мықтыны анықтайды. "Номад шайқасы" ресми атауына ие турнирге
дүниежүзілік аралас жекпе-жек қауымдастығының құрметті президенті Федор
Емельяненко қонақ ретінде келеді. Дүбірлі дода алдында БАҚ өкілдерімен
кездескен жарыс ұйымдастырушылары ойларын ортаға салды.
Анатолий Ким, ҚР аралас жекпе-жек федерациясының президенті:
Мүмкіндігіміз жаман емес. Екі жыл қатарынан әлем чемпионаттарында екінші
орын алдық. Қарсылас команданың спортшылары да осал емес. Оның үстіне бұл ашық
біріншілік болғандықтан, мықты спортшылар келеді. Дегенмен, біз өз
спортшылармызың шеберлігіне күмән келтірмейміз.
Жарысқа қатысатын спортшылар арасынан аралас жекпе-жектен әлем чемпиондары
қазақстандық Рашид Дағаев, Нұржан Шайхин және Асиф Тагиевті атап кеткеніміз жөн.
17 мамыр мен 31 қазан аралығында футзалдан "Самұрық-Қазына" әл
ауқат қорына қарасты компаниялар арасында турнир өтеді. Жуырда жалауын
желбірететін бәсекеге 14 команда қатысып, жеңімпазды анықтайды. Жарыс
ұйымдастырушыларының пайымдауынша, "Осындай жарыстар арқылы компания
қызметкелерін салауатты өмір салтына баулып, корпоративтік қарым-қатынасты
күшейту болып табылады.
Айдар Махметов, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ қоғаммен
байланыс орнату департаментінің директоры:
Бірінші мақсат - Самұрық-Қазына еншілес компаниялардың корпоративтік рухын
күшейту. Екінші мақсат - спортты жоғары деңгейге көтеру. Менің ойымша, осылар
негізгі мақсаттар.
Аталған жарысқа Астана қаласының футбол федерациясы қолдау көрсетіп отыр.
Самат ҚАНАҒАТОВ