Қызылжарда кісі өлтірді деп айыпталған
полицейлерге қатысты сот үкімі шықты. Тимур Үмбетов 15, ал Ерлан Серікбай мен
Марат Алдамасов 8 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сот өкілдері берген мәліметке сай,
былтыр 28-сәуірде Соколов ауылында жол полициясы қызметкері Тимур Үмбетов пен
ащы суды сілтеп алған Евгений Копаның арасында кикілжің пайда болған. Төбелес
кезінде Копаны соққыға жыққан жол сақшысы мұнымен шектелмей, оны Есіл өзеніне
лақтырып жібереді. Жапа шеккен азамат мас
болғандықтан, жағаға шыға алмай, жан тәсілім еткен. Сол кезде, жол сақшысының
қасында құқық қорғау органының тағы екі қызметкері Ерлан Серікбай мен Марат
Алдамасов та болған.
Бауыржан Баймұрзин, СҚО Қылмыстық істер бойынша
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Үмбетов Тимур Қылмыстық кодекстің 125, 96 және 58-ші баптарына сәйкес
кінәлі деп танылып, 15 жылға темір торға тоғытылсын. Ал Серікбай мен Алдамасов 8 жылға дейін бас бостандығынан
айырылсын. Талап етілген моральдық және материалдық өтемақы
қанағаттандырылмайды.
Ал жапа шеккен Евгений Копаның туыстары соттың шешімімен
келіспей отыр. Олардың пікірінше, қылмыскерлерге тым жеңіл жаза тағайындалды.
Марқұм әжесімен тұрған. Көмекшісінен айырылған қарияға қазір қиын соғып отыр,
дейді оның туыстары.
Василий Семеновых, Евгений Копаның кіндік атасы:
Бізді қорғауы тиіс полицейлердің істеп отырғаны - мынау. Адам өлтіріп, небары 8 жыл алды. Басында құқық қорғау
органдары бұл іске немқұрайлы қарады. Тек БАҚ өкілдері кіріскен соң, іс дұрыс
тергеле бастады. Евгенийдің әжесі қамқоршысынан айырылып отыр. Ал моральдық өтемақы қанағаттандырылған жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН