Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалпықазақстандық ата-аналар жиыны болып өтті

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2014
  • 1516

Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Демек, түлектердің білімін саралайтын кез жетті. Қазір еліміздің барлық аймақтарында ҰБТ-ге дайындық қызу жүріп жатыр. "Үлкен өмірге қадам басқалы отырған шәкірттерге ұстаздармен қоса ата-аналар қауымы да үлкен қолдау көрсетулері қажет", - дейді психолог мамандар. Биылғы түлектердің алдағы науқанға дайындығын бақылап қайтқан тілшіміз Маржан Серікқызы тақырыпты толықтырады.

Анна Клеменко - Алматыдағы №90 лицейдің биылғы түлегі. Алтын белгіге үміткер. Мақсаты -ҰБТ-ден жоғары балл жинап, Сеул университетіне түсу. Озат оқушы өзіне сенімді, тек тест күні жақындаған сайын аздап қобалжып жүргенін жасырмайды.

Анна Клеменко, Алматы қаласындағы №90 лицейдің түлегі:

Әдетте оқушылар тестілеу кезінде қобалжитындықтан көп қателіктерге жол береді. Немесе жаңадан қосылып жатқан сұрақтар болса, абдырап қалады. Маған ата- анам, туыстарым қолдау көрсетіп жатыр. Жалпы тесттен сүрінбей өтемін деген үміттемін.

Алматыда бірыңғай тест маусымның 2 мен 6 аралығында өтеді. Оған қала бойынша 5 мыңнан астам оқушы қатысуға ниетті. Оның ішінде 227-ісі Алтын белгіге үміткер болса, 171-і Үздік аттестатқа ұсынылған. Ал биыл еліміздің әр аймағында тұңғыш рет «ҰБТ қарсаңында ата-аналарға психологиялық көмек көрсету» тақырыбында жалпы республикалық ата-аналар жиналысы өтуде. Жоба «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен іске асып жатыр.

Наиля Қасенова, Отбасылық тәрбиелеу институтының сарапшы-психологы:

ҰБТ алдында тек оқушылар ғана емес, ата аналардың да қожалжитыны рас. Дегенмен, олар балам 11 жылдық білімін ақтап шыға алмай қалса қайтемін деген қорқынышын балаларына білдірмеуі қажет. Керісінше, қолдау көрсетіп, бұл олардың өміріндегі алғашқы сынақ екендігін түсіндіріп, ертеңгі болашаққа деген сенім ұялату керек.

Республиканың әр өңірінде бір мезілде өткен жиналысқа жалпы республика бойынша 40 мыңға жуық ата-ана қатысты. Оларға «Отбасылық тәрбиелеу институтының» мамандары тақырыптық бейнероликтер, жазбаша түрдегі үйрету сабақтары мен сауалнамалар әзірлеген. Дегенмен, мамандар баланың бойындағы өз-өзіне деген сенімді күшейтудегі басты рөл - ата-аналарда екенін ескертеді.

Жанар Нағашбекова, ата- ана:

Әрине, баламыз үшін біз де қатты уайымдап жүрміз. Бірақ қолымыздан келгенше, тестілеуге сапалы дайындалуына барлық жағдай жасап жатырмыз. Бүгінгідей жиналыстың өтуі өте орынды, себебі тест қарсаңында бізге де үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Жалпы, Білім министрлігінің дерегі бойынша, биыл 154 ҰБТ өткізу пунктінде 100 мыңнан астам түлектер сынақтан өтпек. Бірыңғай сынақ маусымның 1 мен 15 аралығында өтеді.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ