Павлодарда 510 саяжай учаскесі сүріледі. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл
аумаққа жаңа тұрғын-үй кешені салынбақ. Бүгінде халыққа түсіндіру жұмыстары
жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жергілікті әкімдіктің әрекетіне телім иелері қарсы
шықты. Айтуларынша, биліктің ұсынып отырған өтемақысы аз. Оның үстіне кейбір
қожайындар саяжай учаскесіне жаңа баспана тұрғызып алған. Олар енді үй-жайсыз
қаламыз деп алаңдайды. Тараптардың тартысы өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызының
назарында.
Дауыс жинап, жоғарыға шағымдануға бел буған бұқараның базынасы бір. Олар
саяжайлардың сүрілуіне қарсы. Әуелгі бау-бақша, қазір көпшілігінің тұрғылықты
мекеніне айналған. Елуге жуық саяжай теліміне тұрғындар баспана салып, түтін
түтетіп отыр.
Сәмиғат Қайырбаева, саяжай иесі:
2006 жылдан бастап жердің кезегінде тұрмын. Маған ешқандай жерден жер
берілмеді. 5000 долларға жерімді сатып алып, үй салдық. Жерге 1800 теңге ғана
ақша береді дейді 6 сотокқа. Оғаз біз немене аламыз. Біз қайда барамыз?
6 соток үшін берілетін 1810 теңге - жердің кадастрлық құны. Бұл еліміздің
«Мемлекеттік мүлік» туралы заңында көрсетілген талап аясында есептелген
сома», - дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Бірақ компенсациялық өтем
тағайындалғанда, аумақтағы құрылыс нысаны мен егілген жасыл желектің құны да
ескерілмек. Сатып алу құжатындағы баға негізге алынады. Тек көрсетілген құн
нарықтағы бағадан аспауы тиіс.
Ержан Иманслям, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:
Бұзылатын сайжайлардың 48-інің иесі иелігіне баспана тұрғызып алған.
Сондықтан қожайындармен жұмыс істейміз. Жер телімімен қатар салынған құрылыстың
құны да есептелетінін айтамыз. Оны тәуелсіз эксперттер есептейді. Негізі -
саяжайда үй-жай салуға болмайды. Бұл заңға қайшы әрекет.
Шаһар қарқынмен дамып келеді. Есесіне тұрғындар саны да артуда. Тек қазірдің өзінде Керекуде пәтер кезегінде 11 мыңға жуық азамат тұр. Ержан
Иманслямның айтуынша, қаланың ортасында бос жер қалмаған. Сондықтан, әуежай
аумағындағы саяжай кешені кезең-кезеңмен сүріледі. Оған қоса, 2007 жылы ел
Үкіметімен бекітілген шаһардың бас жоспарында Павлодар оңтүстік бағытқа қарай
кеңеюі тиіс.
Тимур Айдарханов, Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі
басшысының орынбасары:
Аталған бағыттың таңдалуы - бұл жақта тиісті инфрақұрылым бар. Оның үстіне
аумақ тұрғын-үй кешеніне ыңғайлы. Жаңа шағын ауданда тұрғын үйлермен қатар,
әлеуметтік нысандар да салынады. Мектеп, 2 балабақша және емхана тұрғызу
жоспарланған.
Айта кетейік, Павлодар қаласында 20 саяжай кешені бар. Әкімдіктің ақпарынша,
саяжай кешендерінде иесіз жатқан жер телімдері де жетерлік. Сүрілетін саяжайлар
иелеріне басқа аумақтан жер учаскесі ұсынылмақ. Ал шешімге қарсы шыққандарға
зорлық жоқ. "Бұқара өз құқығын сот арқылы қорғауға мүдделі", - дейді жергілікті
билік.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ