Екі жүзден астам өскемендік турист екі күннен бері Анталияға ұша алмай
әуре. Олар «Гулнар тур» туристік агенттігі арқылы дүйсенбіде аттанулары тиіс
еді. Белгісіз себептермен жолаушылардың ұшу уақыты кейінге шегеріліп келеді.
Әуежайда қалған демалушылармен әріптесім Қанат Оралбек тілдесіп қайтты.
«Гүлнар тур» агенттігінен Анталияға жолдама алған өскемендіктер қазір
әуежайда уақыт өткізуге мәжбүр. Туристердің айтуынша, агенттік өкілдерінен
ешкім байланысқа шықпаған. Олар ұшу мерзімінің неліктен шегерілгенін де түсіне
алмай дал. "Агенттіктің жергілікті филиалы менеджерлері қандай да бір ақпарат
беруден бас тартты", - дейді жолдары болмаған туристер.
Қатира Балтабаева, Өскемен қаласының тұрғыны:
Міне 3 күн болды, ұша алмай отырмыз. Ең бірінші рет 4-те деген. Сосын 7-ге ауыстырды. Түнде звондаған, бірінші Алматыға ұшамыз деген. Себебін ештемесін
айтпайды. Бәрімізді өтірік алдап отыр.
Павел Машечкин, Өскемен қаласының тұрғыны:
Міне неше күн болды, бізді бала құсап алдап келеді. Жолдан кешігіп жатырмыз.
Демалыс уақытымыз өтіп барады. Оны созып береміз дейді, не құжаттарды
рәсімдемеді.
Бүгін жолаушылар «Гүлнар тур» агенттігінің жергілікті ғимаратына барды.
Ондағылар ашулы туристерді сабырға шақырды. Әуежайда өткен уақытты
демалыстарына қосып беретіндерін айтты. Демалуға бет алған туристер болса,
жазғы демалыстарының шырқы бұзылғанына налиды. Туристтік агенттіктің орталық
кеңсесі жағдайдан хабардар. Туристердің дер кезінде діттеген жерге жете
алмауына әуе тасымалдаушы чартерлік компанияны кінәлап отыр. Бұл жолы кінәрат -
отандық тасымалдаушыдан.
Анна Исмайлова, «Гүлнар тур» туристік агенттігі басшысының орынбасары:
Бұл жолаушыларды «Джет эйрлайнс» компаниясы тасымалдау керек болатын. Бұл қазақстандық әуе компаниясы. Өкінішке орай, Түркия бұл компания ұшақтарының өз
аумағына кіруіне рұқсат бермей отыр. Біз соңына дейін күттік. Енді түріктің
«Атлас Джет» әуе компаниясымен келістік. Олар жолаушыларды тасымалдайды.
Туристердің демалыс уақытын 22-нен 31-не дейін созып береміз.
Туристік агенттік қызметкерлері өскемендік демалушылар бүгіннен қалмай
ұшатынын айтты. Түнгі 23-00 де Анталияға бет алады деп отыр.
Естеріңізге сала
кетейік, дәл осы туристік агенттіктің жолаушылары биыл сәуір айында Алматыдан
Антальяға ұша алмай калған болатын. Ол кезде, керісінше, түріктің "Атлас
Джет" компаниясы қазақстандық тур агентпен арадағы тасымал туралы
келісімін бұзған.
Қанат ОРАЛБЕК