Русский Сайттың толық нұсқасы

"KADEX - 2014" III Халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2014
  • 1297

Қазақстанның қорғаныс саласы жаңа әскери техникамен толығады. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі 1,2 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін "KADEX - 2014" үшінші Халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі аясында мәлім болды. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады. 

Ауа-райының жаңбырлы, қолайсыз болғанына қарамастан, бүгін тікұшақтар мен арнайыландырылған ұшақтардың көкке көтерілуіне рұқсат етілді. Жұртшылық Қазақстанның әскери-әуе күштерінің «Сұңқар», «Алатау», «Жетісу» атты пилотажды топтарының көрсетілімдерін тамашалады. Ұшқыштар күрделі пилотаждық элементтерді «Airbus Military» компаниясының А-400 М атлас ауыр әскери-көліктік ұшағы, сондай-ақ МИ-35, СУ-30 жойғыш ұшақтары және оқу-жауынгерлік Як-130 ұшақтарымен орындады.

Көрме барысында құрлық әскерлері де өз шеберліктерін паш етті. Қорғаныс министрлігінің арнайы жасақтары әскери іс-қимылдар орындады. Шынайылығы сонша, атылған оқтың дыбысынан көрермен жұрт селк етіп, ұрыс алаңында отырғандай әсер алды.

Әсіресе "Танкілер вальсі" деп аталған көрініс көрермен қауымның көзайымына айналды.

Әскери шоудан кейін келушілердің назарына қорғаныс саласындағы жаңашылдықтар ұсынылды. Оның ішінде авиациялық қару-жарақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, ІТ-технология, байланыс жүйе құралдары көрсетілді. Еліміздің Қорғаныс министрі Серік Ахметов те техникамен танысып шықты.

Көрменің маңызды бөлігі - жаңашыл техника ұсынып отырған шетелдік компаниялармен келісімшарт жасауға арналды. Отандық қорғаныс министрлігі бүгіннің өзінде 32 меморандум мен келісімшарт даярлады. Мәселен, Франциядан құны 322 миллион еуроға 20 дана радар комплекстерін сатып алу жоспарланып отыр.

Талғат Жүменов, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери - техникалық саясат департаментінің бастығы, генерал-майор:

Бір миллиард екі жүз миллионнан аса долларға әртүрлі келісімшарттар, меморандумдар, келісімдерге қол қоямыз деп жоспалануда. Өздеріңіз көріп отырсыздар, биылғы KADEХ-ке ең үлкен қару-жарақ шығаратын елдерден жаңа деген әскери техника, әскери құралдар көрсетіліп отыр.

Жалпы биылғы KADEХ-тің ерекшелігі бұнда тұңғыш рет ғарыш саласына қажетті әскери техникалық құрылғыларды қадағалайтын аппараттар паш етілген.

Жанат Әбуова, "Ғалам" ЖШС сапа менеджері:

Бүгінгі KADEХ көрмесіне біз бірінші рет қатысып отырмыз Қазақстан ғарыш агенттігі атынан. Қазіргі ғарыш саласындағы нәтижелерді көріп жатырмыз. Сәуірдің 30-ында Қазақстанның бірінші жерді зондтау ғарыш аппараты сәтті ұшырылды. Мамырдың үшінде сол ғарыш аппаратының нәтижелеріне қол жеткіздік. Соның нәтижелерін осы көрмеде көре аласыздар, сапасы өте жақсы.

KADEX - 2014 көрмесі аясында шетелдік әскери техника өндіретін компаниялар да өз өнімдерін көрсетті. Мәселен тек Түркиядан 22 компания келген.

Садык Ямач, түркиялық "Хавелсан" компаниясының басшысы:

Әскери ұшақтар мен теңіз флоты кемелерінің симмуляторларын жасап шығарамыз. Бұл өте маңызды. Себебі әскери техниканы сатып алу үшін, алдымен оның қыр-сырымен танысу қажет. Техниканың қалай жұмыс істейтінін үйреніп, жаттығулар жасау керек. Біздің жаттығу машиналарымыз соған арналған.

Айтулы шараға биыл әлемнің 27 елінен 300-ден астам компания қатысты. Ең ауқымды экспозицияны Ресей, Түркия, Украина және Беларусь ұсынып отыр. Шетелдік компаниялардың ішінде қару-жарақ шығаратын атақты "Fabbrica d Armi Pietro Beretta", "Israel Aerospace Industries", "Otokar", "Ceska Zbrojovka", "Rohde & Schwarz" және басқа да танымал компаниялар болды.

Жұрағат БАМАН