Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда Мәншүк Мәметова мұражайына ұрлыққа түскендер ұсталды

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2014
  • 2096

Оралда Кеңес Одағының батыры, ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметованың мұражай-үйі тоналды. Бірақ тонаушы ұзамады. Түн ішінде терезені сындырып, ішке кірген ұры мұражайдың астан-кестеңін шығарған. Осылайша 1891 жылы шыққан үлгідегі «Мосин» снайперлік мылтығы мен карабинді және механикалық патефонды олжалайды. Қару-жарақ пен патефонды соғыс кезінде кеңес жауынгерлері пайдаланған.

Мұнымен тоқтамаған ұры алғашқы қазақ әскери бөлімін құрған Хамит Чуриннің раритеттік былғары рулетка-өлшеуішін және «Самсунг» DVD ойнатқышын да жымқырып кеткен. Ал бұл кезде қалың ұйқыға кеткен күзетші - мұражай директорының ұлы  ештемені сезбепті. Мұражайдың тоналғанын оның қызметкерлері таңертең жұмысқа келіп, есікті ашқанда ғана байқаған.

Асылай Ғұбашева, БҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бұл қылмыс небары 4 сағаттың ішінде ашылды. Осы айналадағы бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің түр-келбеті мен барған жерлері анықталды. Қазір ұрланған тарихи жәдігерлер мұражайға кері қайтарылды. Осыған дейін ұрлық және тонау қылмысын жасағаны үшін 5 рет сотталған 25 жастағы жігіт күдікті деп айыпталып, қамауға алынды.

Қолды болған қарудың бірі оқу-жаттығу құралы, ал карабинның пайдалануға жарамсыз екенін айтқан мұражай қызметкерлері өзге де құнды бұйымдардың аман қалғанына қуанышты. Өйткені мұнда жауынгерлерге берілген орден-медальдар, Мәншүк Мәметованың жеке заттары секілді сирек кездесетін жәдігерлер бар екен. Ұры бұл заттардың ешбіріне тиіспеген. Қабырғадағы теледидарды ала алмағасын, қолына іліккенін алып, із суытуға асыққан тәрізді. 

Светлана Бектенова, Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражай үйінің директоры:

Оқыс жағдай болғанда, полицияға хабар беретін арнайы дабыл қондырғысын орнатуға қаражат жоқ. Сондықтан күзетшінің қызметін пайдаланамыз. Ал тонаушымен бетпе-бет келген жағдайда, қылмыскердің оларды да аямайтыны анық. Ешкімнің жапа шекпегеніне шүкір деп отырмыз. Енді терезеге тор орнатып, қауіпсіздікті күшейтеміз.

Еркін ҚАРИН