Русский Сайттың толық нұсқасы

Анталияға демалуға жолдама алған шымкенттік 157 жолаушы жолда қалды

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2014
  • 991

Анталияға демалуға жолдама алған шымкенттік 157 жолаушы жолда қалды. Олар да "Гүлнар Тур" агенттігінен жолдама алған.

Альфия Рябых пен Марина Бейсенова еңбек демалысын Түркияның Кемер қаласында өткіземіз деп жоспарлаған еді. Айтуларынша, 20 мамырдан бері ұшақ күтіп жүр. Бағасы қалтаға қонымды, әрі жазғы маусымды өзге фирмаларға қарағанда бір апта ерте бастайтындықтан осы фирманы таңдаған. Алайда қос құрбы жылына бір келетін демалыстарының шырқы бұзылғанына наразы.

Альфия Рябых:

Чартерлік рейсті үшінші рет ауыстырыпты. Енді ертең таңғы бесте ұшады дейді. Бар жоспарым құриын деп тұр.

Дәл осындай жағдай Қостанайда қайталанды. Түркия еліне аттанбақ болған туристтер мұнда да бірнеше күннен бері қаңтарылып отыр. Жүзден аса жолаушы сапардың бірнеше рет кейінге шегерілгенін айтады. Саяхатшылар уақыты мен қаржысының босқа кетіп жатқанына күйінеді. Көбі қала тұрғындары болғандықтан, үйлеріне тарқасқан. Ал облыстың өзге аудандарынан келгендер, қонақ үйді паналауға мәжбүр.

Дина Ищанова, Лисаков қаласының тұрғыны:

Осы жерге такси жалдап келдім. Таң атқалы күтіп отырмыз. Ұшақ әлі келмепті. Қасымда 8 жасар балам бар, маған қиын. Бүгін сағат 5-те ұшамыз деп еді, міне, тағы да түнгі сағат 11-ге кейін шегерді.

Шыдамы таусылған саяхатшылар мәселенің мән-жайын анықтамақ ниетпен туристтік агенттіктің жергілікті бөліміне бет алды. Анталияға ұша алмай, ашуға булыққандардың легі мұнда да көп екен. Кейбіреуі тіпті үш күнге дейін бөгеліпті. Олар агенттік өкілдерінен нақты жауап талап етті. Агенттік өкілдері саяхатшыларды сабырлыққа шақырып, келеңсіздік үшін өтемақы беретінін алға тартты.

Жұлдыз Құмарова, «Гулнар Тур» туристік агенттігі Қостанай филиалы директорының орынбасары:

Кешігудің себебі - Түркия билігінен «әуе кеңістігін кесіп өту жөніндегі» рұқсат кеш берілді. Бізді Қазақстандық әуекомпания жеткізуге тиісті еді. Рұқсатты тек 22 мамыр күні түстен кейін алдық. Әуе компаниясы бізден ұшақты және экипажды дайындау үшін қосымша уақыт сұрады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ