Русский Сайттың толық нұсқасы

Заңдағы өзгерістің дәрі-дәрмек жарнамасына қатысты тұсы дау тудырды

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2014
  • 744

"Дәрі-дәрмек жарнамасына тиым салынса, отандық телерналар жылына 4 миллирд теңгеге жуық қаржыдан қағылады", - дейді сарапшылар. Ал қарапайым тұтынушы қолжетімді мәлімет алу мүмкіндігінен ажырайды. Бұдан бөлек жарнамасыз бизнестің де ісі алға баспайтыны белгілі.

Айта кетейік, биыл қараша айынан бастап телеарна, радио және мерзімді басылымдарда дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттарды жарнамалауға тиым салатын заң қабылданбақ. Шешім тараптардың талқысына ұсынылмай, тасада қабылданған. Ал заң бойынша эксперттік кеңестің шешіміне дейін мұндай нормативтік-құқықтық актілер алдымен БАҚ-да, оның ішінде интернетте жарияланып, талқыға түсуі тиіс. Бұл тіпті сала мамандары үшін де күтпеген жаңалық болып отыр. 

Вячеслав Локшин, Халықаралық фармацевтикалық өнім өндірушілердің Қазақстандағы қауымдастығы президенті:

Қазақстандық телеарналарда дәрі-дәрмек жарнамасына тыйым салмас бұрын, біздің қазір Кеден одағы аумағында өмір сүріп жатқанымызды ескеру керек. Жарнаманың мұндай түріне Ресей мен Белоруссияда тыйым салынбаған. Дәрігер рұқсатынсыз қабылданатын препараттар Батыс Еуропа мен АҚШ-да кеңінен жарнамаланады. Менің ойышма, бұл асығыс қабылданған шешім. Қоғамдық тыңдаулар өткізіп, сатушы, өндіруші тұтынушынының пікірін ескеру керек еді. Біз болсақ, аяқ-асты қарашадан бастап заң өзгереді, дәрі-дәрмек жарнамасы тек арнайы салалық басылымдарда жарыққа шығады дегенді естіп отырмыз.

Ал телерадио хабарларын тарату қауымдастығы асығыс шешім қазақстандықтардың еркін ақпарат алуын шектейтінін алға тартады. Мәселен, науқас күнделікті жеңіл-желпі сырқатқа ем-дом болатын препарат туралы ақпараттан қағылады. Салалық басылымдарды бәрі бірдей оқи бермейтіні белгілі. 

Сергей Власенко, ұлттық телерадио тарату қауымдастығы заң бөлімінің жетекшісі:

Бұл талап жүзеге асса, азаматтардың ақпарат алу құқы бұзылады. Дәрі-дәрмек жарнамасына келсек, ол әбден тексеріледі. Осыған дейін де эфирге Денсаулық сақтау министрлігінің жіті тексеруінен кейін шыққан. 

Тосын өзгерістен кәсіпкерлер мен тұтынушылардан бөлек, отандық телеарналар да зардап шегеді. Жарнама нарығында фармацевтикалық препараттардың үлесі 20 пайызды құрайды. Бұл қаражат телеарна контенті мен техникалық базаны дамытуға жұмсалады. 

Денис Филенков, DASM GROUP компаниялар тобының стратегиялық медиажоспарлау бөлімінің директоры:

БАҚ-да жарнамаға тиым салу телеарнадағы өнімдердің қызықсыз болуына соқтырады. Аудиториядан айырыламыз. Телекөрермендер шет елдік арналарға ауысып кетеді. Демек, Қазақстан ақпараттық кеңістігін жоғалтады. Бұл заң қауіпсіздікке де кесірін тигізуі мүмкін. Өйткені жаңа формат, жаңа сериал, жаңалықтар да өзге елден ағылады. Мұны қазақ телеарнасына көпе-көрнеу қиянат деп білу керек.  

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ