Қара түтіннен құтқарыңыздар! Тараз қаласының түбінде отырған Құмшағал ауылының халқы
бүгін осылай деп тағы шу көтерді. Олар битум өндіретін зауыттың түтініне
тұншығып келеміз дейді.
Айтуларынша, аталған өндірістің
қарамай балқытатын бөлігі ауылдың іргесіне орын теуіпті. Салдарынан, тынысымыз тарылып, онкологиялық ауруларға душар
болдық, дейді тұрғындар. Олар зауыттың жабылуын талап етіп отыр.
Данияр Әлімқұл жалғастырады.
«4 жылдан бері түтінге тұншықтық» деп
ашынған ауыл жұрты базынасын арқалап бүгін зауыт алдына келді. Бұқара басшыларды көп күтті. Алайда, қара көрсеткен басшы
болмаған соң, ентелеген жұрт зауытының есігін бұзып, басып кірді. Олар ауаны
ластаған түтіннен ауру болдық, деп ашынады.
Әлия Бекбатаева, Құмшағал ауылының
тұрғыны:
Бір емес, екі-үш
баламыз бар. Осының бәрі түтіннен, осылар ауырады. Жөтелгендерінің бәрі осы болды.
Больницадан-больницаға
жатамыз.
Любовь Сембева, Құмшағал аулының тұрғыны:
У меня внучка,
головные боли у нее от этого. Мы думали от чего, от чего. Вот от этого дыма,
вот от этого яда. У меня почки болят. Из-за чего камни. Вот из-за этого.
Нұрғали Сәрсенбаев, Құмшағал ауылының
тұрғыны:
Бұл негізі, ауылдан 500 метр арыда тұру керек. Ал,
бұл ауылдың ортасында тұр, қараңызшы міне. Қазір біреу жанып тұр. Ал, түнде
бесеуін жандырады.
Майлы түтіні мұрын жарған мекеме - жол
салу жұмыстарын жүргізетін «Шағал Тас» серіктестігіне тиесілі. Оның қожайыны да келмеді. Есесіне,
өзін осы зауыттың өкілімін деп таныстырған мына адам, енді қарамай жағылмайды
деп уәде етті.
Бақыт Әліпбаев, «Шағал Тас» ЖШС өкілі:
- Бұдан кейін
жағылмайды. Болды, басқа орынын таптық. Сол жақтан тасылынады. Бұдан кейін
жағылмайды.
- Бұған дейін неге жаппадыныздар?
- Нормально болды ғой. Айта береді
халық.
Бұл мәселені бұқара 4 жылдан бері бірнеше мәрте
көтергендерін айтады. Алайда, зауыт басшысы әлі күнге әбігерге
салып отыр дейді. Ал, жағдайға қанық қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы болса,
даурығатындай дәнеңе жоқ дейді.
Шыңғыс Егембердиев, Тараз қаласы әкімінің
баспасөз
хатшысы:
Қазір мынау соңғы
мораторийге
байланысты, бизнес объектілерін тексеруге құзыретті органдар ол жаққа тексеріс
жүргізе алмайды. Дегенмен, біз жергілікті орган ретінде басшылығымен келісіп,
осы 6-шы маусымға дейін битум қазандығын зиянсыз жерге көшіруге келісімін
берді. Сондықтан, тұрғындардың ешқандай экологиялық жағдайларға алаңдайтын
негіз жоқ.
Тілі шыққан бала мен тісі түскен қарияға дейін тегіс
жиналғанымен, талаптарымыз тағы да жауапсыз қала ма деп қорқады. Өйткені, құмшағалдықтар қанша мәрте арыздарын айтқандарымен, құр сөз құрғақ уәде күйінде
қалыпты. Бұл жолы да ақшалы кәсіпкер айласын асырып кете ме деп күдіктенеді.
Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ