Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздың «Бином» серіктестігі - Кедендік одақтың пайдасына кенеліп отырған кәсіпорынның бірі

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2014
  • 1357

Кедендік одақтың пайдасына кенеліп отырған кәсіпорынның бірі - Тараздағы «Бином» серіктестігі. Құрылысқа қажетті құрастыру заттарын шығаратын кәсіпорын жылына 4 млрд теңге қаржы игереді. 15 жылдық тарихы бар мекеме, алғашқыда 20 адаммен жұмыс бастаса, бүгінде 400-ге жуық жұмысшысы бар.

Айтуларынша, еліміздегі мемлекеттік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына да ат салысып жүр. Мәселен, Тараздағы аурухана, мектеп пен балабақшалар құрылысының 70%-зын аталған серіктестік салып жатыр. Ал, үй салуға қажетті темір құрсаулы қабырға панельдері өзге кәсіпорындарға қарағанда 15%-ға төмен. Тек қана темір-бетонды қабырғалар ғана емес, арнайы ағаш және пластик терезелерді де шығарады. Кәсіпорын басшылығы Кедендік одаққа кіргелі, қаражат үнемдеуге мүмкіндік туды деп отыр.

Серік Олжабеков, «Бином Group» ЖШС
бас директоры:

Құрал-жабдықтарымыздың басым бөлігін Ресейден аламыз. Мәселен, жақында ауыр заттарды тасымалдайтын көпір крандарды алдық. Бұлардың әр қайсысы 15 млн теңге тұрады. Барлығы 3 кран алдық. Оған 45 млн теңге жұмсалды. Ал, егер Кедендік одақ болмағанда, біз 20% артық ақша жұмсайтын едік.

Кәсіпорын Кедендік одаққа дейін қажетті құрал-жабдықтарын Германия секілді алыс елдерден тасымалдап келген. Айта кетейік, Кедендік одақтың тағы бір артықшылығы біздің елдің кәсіпорындары Ресей мен Беларуссияда болатын тендерлерге де қатыса алады. Ал, тендерде жеңіске жету үшін осындай кәсіпорындардың техникалық мүмкіндігі зор, әрі бәсекеге қабілетті болуы шарт, - дейді экономистер.

Қарабек
Ертай, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Бұл кедендік бірігу бастамасы барлық елдерге тиімді. Өйткені, мемлекеттердің нарықтағы өзара сауда қатынасы кеңейіп және бекемдене түседі. Дамудың тұрақтылығы пайда болады. Жаңа кәсіпорындар ашылады. Бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатады. Бір сөзбен айтқанда, Кеден кеңістігі бәсекеге қабілетті болуға баули түспек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ