Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев Түркияға сапары барысында Әзірбайжан президентімен кездесті

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2014
  • 1068

Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Таулы Карабах дауына байланысты Арменияның Кедендік одаққа кіруін жақтамайтынын жеткізген Ильхам Алиев хатын Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында оқып, Бакуге қолдау көрсеткен болатын.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Түркияның Бодрум қаласында өткен кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев сауда-экономика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қарым-қатынасты күшейту мәселелеріне тоқталды. Бұл ретте тараптар экономикалық әлеуетті жүзеге асыру мақсатында өзара сауда көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, екі ел көшбасшылары халықаралық және өңірлік ұйымдардың, түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының аясындағы өзара іс-қимыл барысын қарастырды.

Еске салайық, осы күндері Бодрумда түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің 4-саммиті өтуде.