Русский Сайттың толық нұсқасы

Лондонның Ханы...

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2016
  • 1663

Жасы 45-те. Отбасылы, екі қызы бар. Лейбористік партияның мүшесі 2005 жылдан парламент мүшесі. Адам құқығы бойынша заңгер. Әңгіме Лондонның мэрі – Садық Хан туралы. Енді ол Лондонның «Ханы». Еуропа, оның ішінде Батыс Еуропа мемлекеті астанасының мэрі болған бірінші мұсылман. Оның ата-анасы Амуналла мен Сехрун 1970 жылы Пәкістаннан Британияға эмиграциялаған. Садық Британияда дүниеге келген. Сегіз баланың бесіншісі. Әкесі 25 жыл автобус жүргізушісі болған, анасы үйінде ісмерлікпен айналысқан. Лондонның оңтүстік-батысында өмір сүрген, бұзақылар ошағы саналған колледжде білім алған. Саясатқа мектеп жасында қызыққан, 15-ке толғанда Лейбористер партиясына өткен.

Тоқталатыны – отбасында  ислам құндылықтары егілген. Садық өзін мұсылман санайды және сенімінің өзі үшін маңызын ерекше атайды. Ол парламент мүшесі болғанда айтқан бірінші әңгімесі әкесінің Мұхаммед пайғамбардың өсиеттерін оқытқаны.

Садық ағаларымен нәсілдік кемсітушілікке толы әңгімені талай естігенін, алайда футбол матчтарын үйде теледидардан көру қауіпсіз болса да, стадиондарға барып тамашалағанын айтады.

Ол Солтүстік Лондон университетін тәмамдаған. Әйелі Саадия да заңгер. Қызығы, ол да автобус жүргізушісінің қызы.

Садық Хан азаматтық бостандықтың сақталуы өте маңызды деп санайтын және сол үшін күресетін жан. Мысалы, ол кезінде Тони Блэрдің терроризмге қатысы бар күдіктіні айып тақпай 90 күн қамауға алу туралы ұсынысына қарсы шыққан.

Садық Ханның жеңісі мемлекет пен қоғам «жаңа азаматтардың» барынша тез интеграциялануына мүдделі болса, процестің тараптардың барлығына пайдалы екенін көрсетеді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Аяқ астынан пайда болған адам емес. Жақсы білім алған. Батыс, британ мәдениетімен үйлескен. Мұсылман қауымынан емес, британияның мультикультуралық қоғамынан шыққан адам деп қарау керек. Мысалы ол, делегация құрамында Израильге бармақшы. Еврей, мұсылман қауымдарымен байланыс орнату үшін. Оны Барак Обамен салыстыруға болар. Қара түсті президент қара нәсілділердің ғана мүддесін қорғамайды. Жаңа мэр де бүкіл лондондықтың сөзін сөйлеуі керек. 

Жалпы, мультиэтника мен мультикультурализм - кез-келген мегаполистің тағдыры. Ірі астаналар әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға тартымды. Әсіресе біздің уақытта  - қозғалу оп-оңай және жердің кез-келген бұрышымен жылдам байланыс орнатуға болатын.  Жаңа адамдардың келуі капиталдың, жаңа идеялардың құйылуына, тіпті өсімге әсер етеді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Көптеген еуропа елдерінде, оның ішінде Ұлыбританияда мұсылмандар саны артып отыр. Бұл өзі саяси факторға айналды. Көптеген британ саясаткерлері мұсылман сайлаушылармен тығыз жұмыс істей бастады. Мен тіпті мынадай оқиғаны  еске түсіремін. 20008 жылы ағылшын церквінің басшысы мәлімдеме жасады – Британияда шариғат заңдарын енгізу керек шығар деп. Мұсылмандар өздерінің отбасылық, қаржылық проблемаларын шариғат аясында шешулері үшін. Адам құқығы сияқты заңдарға қайшы келмесе. Иә, Ұлыбританияда ислам өте маңызды роль атқара бастады.  Жалпы бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді. Сондықтан мэр болып мұсылман дініндегі адамның сайлануы Британияның өзінде үлкен таңданыс туғызған жоқ. Ең бастысы адамның профессионал болғаны. Қалалық шаруашылықты басқара алғаны. Қалғаны маңызды емес. Бізде де солай болуы керек. Бірінші кезекке профессионал болғаны керек. Профессионализм, қабілеттілік және адал болғаны. Тұрғындардың алдында жауап бере алғаны, істегендеріне. Нәсілі мен діні екінші кезектегі нәрсе.

Садық Хан – адамның мүмкіндіктерді қалт жібермей, тиімді пайдалануының үлгісі. Бірінші кезекке адамның білімі мен білігі қойылатын мемлекетте өмір сүру факторы маңызды, әрине... Біздің оған ілтипат білдіруіміздің басты себебі сол. Екіншіден, исламның прогресивті дін екенін, білім діні екенін, бостандық пен бейбітшілік діні екенін дәлелдеген тұлға болғасын.