Мұнан соң АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Назарбаев университетінде «Орталық Азияның жаһандық қақтығыстарды шешудегі рөлі» тақырыбында дәріс оқыды. Қазақ жеріне алғаш рет жасаған тарихи сапарының екі күнінде ол қазақшаны да ептеп үйреніп алған сыңайлы. Студенттер алдында сөз алған саясаткер, дәрісін қазақшалап амандық сұрасудан бастады. Бір сағатқа созылған кездесу барысында америкалық дипломат сөз арасында қазақша мақал-мәтелдерді келтірді. Қазақ-америка қарым-қатынасына, жаһандық экологиялық, саяси-экономикалық өзекті проблемаларға тоқталған саясаткер, ДАИШ террорлық ұйымын да ұмытпады. Бұл ұйымның әрекеті өркениетімізге үлкен сын деген Керри әлем мемлекеттері кез-келген өзара қайшылықтарға қарамастан, ДАИШ пен күресте бірігуі тиіс деп түйді.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
ДАИШ Орта Азия мемлекеттерінің азаматтарын қатарына көптеп тартуда. Тіпті, әлемнің әр түпкірінен, АҚШ-тан да адамдар бар. Ұйымның ауқымын тарылтып, қатарға адам тартуын тоқтатуға тиіспіз. Ықпалы мен қаржыландыруын тыюымыз керек. Лаңкестер Ислам мемлекетін құрғысы келеді. Бірақ оның өзегінде Ислам мүлде жоқ, тек бетперде.
А.АЛДОҢҒАРОВ