Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ мемлекеттік хатшысы Астанаға келді

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2015
  • 1369

Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада АҚШ тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керриді қабылдады. Президент Керридің елімізге және Орта Азия өңіріне алғашқы сапармен келгеніне ризашылық білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  Нұрсұлтан Назарбаев Таяуда Нью-Йоркте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесіп, екіжақты ықпалдастық мәселелерін талқылағанын айтты.  АҚШ-пен арадағы серіктестікті жалғастырмақ ниетте екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ел  желтоқсанда 24 жылдығы тойланатын тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бері Сіздің елмен ынтымақтасып келеді. Егемендігіміз бен экономикамыздың дамуына ұдайы көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін Қазақстан халқы Америка құрама штаттарына риза. Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Біз мұны жалғастыруға ниеттіміз

Сондай-ақ, президент  Қазақстан мен АҚШ ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша да ынтымақтасып отырғанын айтты.  АҚШ басшысы Барак Обаманың бұл бағыттағы бастамаларына  қолдау білдіретінін жеткізді. Джон Керри лаңкестікке қарсы іс-қимыл, Ауғанстандағы жағдай және ДАИШ топтарына қарсы күрес мәселелері талқыланған екі ел президенттері келіссөздерінің қорытындысын жоғары бағалайтынын атап өтті. Керри Қазақстан мен АҚШ-тың серіктестігі Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға елеулі ықпал етеріне сенім білдірді.

Джон Керри,  АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

АҚШ расында Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі болып саналады. Бүгін мен Америка сауда палатасының Қазақстандағы өкілдерімен кездестім. Олар өздерінің Сіздің елде қол жеткізген табысына қанағаттанатынын білдірді

Ал, күні кеше Самарқан қаласында Орта Азияның 5 мемлекетінің сыртқы істер министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының «С5+1» форматындағы алғашқы кездесуі өтті. Онда  серіктестік пен ынтымақтастықтың бірлескен декларациясы қабылданды. Тараптар мұндай форматтағы кездесулерді тұрақты өткізіп тұруға уағдаласты.

Л.ҚАЗИАҚПАРОВА