Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан және Ресей АЭС құрылысы туралы меморандум қабылдады

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2014
  • 1691

Қазақстанда Ресейдің қатысуымен салынатын тұңғыш Атом электрстанциясының құрылыс құжаттарын әзірлеу үшін бір жарым жыл қажет. Бұл туралы журналистерге «Росатом» басшысы Сергей Кириенко мәлімдеді.

Оның айтуынша, осы уақыт аралығында реактордың техникалық сипаттамалары анықталмақ. «Оның ішінде, техникалық-экономикалық, экологиялық жобалық құжаттамалар әзірленбек», - деді Кириенко.

Сергей Кириенко, «Росатом» басшысы:

Бүгін бірінші ең маңызды құжатқа қол қойылды. Жыл аяғына дейін негізгі шарттар келісіледі. Станция құрылысының бағасы техникалық құжат шыққаннан кейін белгілі болады. Негізінде, әлемдік конъюнктура бойынша қуаты 1 мың мегаватты блоктың бағасы 5 миллиард доллар. Жалпы, Ресей тарапы мердігер, ал Қазақстан тарапы тапсырыс беруші. Сондықтан да Қазақстан үкіметі техникалық талаптар қояды. Біз соған сай қызмет көрсетеміз. Қазіргі таңда Ресей станция құрылысын қаржыландыруды мемлекет аралық несие бөлу арқылы шешу мәселесін қарастыруда. Жеңілдіктер болуы мүмкін. Алдағы жарты, бір жыл ішінде екі тарап та осы турасында тынымсыз қызмет етпек.

Айта кетейік, бүгін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес аясында «ҚазАтомӨнеркәсіп» басқарма төрағасы Владимир Школьник пен «РосАтом» басшысы Сергей Кириенко екі жақты меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, тараптар болашақ Атом станциясын ядролық отынмен қамтамасыз ету саласында да бірлесе қызмет етуге уағдаласты.

Ақпар бойынша, отын компоненттері Ресейдің қатысуымен Қазақстан аумағында өндіріледі. Бұған дейін таралған дерекке сүйенсек, АЭС Курчатов қаласы аумағында тұрғызылады. Бұған қоса бүгін екі ел «Қарасан 1», «Ақ дала» және «Оңтүстік Инкай» уран кен орындарын пайдалану мәселесі бойынша «Жол картасына» қол қойды.

Жұрағат БАМАН