Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда «Жайықжылуқуат» мекемесінің бұрынғы директоры сотталды

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2014
  • 1133

Оралда қазына қаржысын қымқырған тағы бір лауазымды шенеунік он жылға сотталды. «Жайықжылуқуат» мекемесінің бұрыңғы бас директоры, әрі қалалық мәслихат депутаты болған Ринат Нұрышев қылмыстық топ құрып, 140 миллион теңге қазына қаржысын қымқырғаны үшін айыпталып отыр.

Сот залында оқылған деректерге сенсек, Ринат Нұрышев қылмыстық топ құрып, жылу құбырларын сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысын сыбайластарының фирмасы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қолдан жалған құжат жасап, қызмет бабын қонышынан басқан қайырсыз басшының кесірінен «Жайықжылуқуат» мекемесі 235 миллион теңгеге шығын шекті.

Нұрышевтің сыбайласы деп айыпталған қылмыстық топтың мүшесі, кәсіпкер Виктор Невгад кінәсін мойындап, өзі жымқырған 1 миллион теңгені мемлекетке қайтарғанымен жазадан құтылмады. Сот залында қолына кісен салынған оның мүлкі тәркіленіп, 4 жылға сотталды. Ал қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Таһир Мясоутовқа қазір халықаралық іздеу жарияланған. Соңғы бейресми деректер бойынша, ол Украинада бой тасалап жүрген көрінеді.

Ақгүл Қарасаева, БҚО ауданаралық қылмыстық сотының судьясы:

Тағылған айыптың ішінде аса ауыр қылмыстар қатарына жататын қылмыс болуына байланысты оның жазасын өтеу қатаң режимдік түзету колониясында тағайындалған. Мүлкі тәркіленіп, жазасын өтегеннен кейін 5 жыл мерзімде мемлекеттік қызметтерді атқару құқынан айрылған.

Еркін ҚАРИН