Ақтөбе өз алаңында Атырау
командасымен тең түсті. Футболдан ел біріншілігінің 14-ші айналымын
ақтөбеліктер биылғы маусымда алғаш рет орталық стадион алаңында өткізген
болатын.
Шаһардың 145 жылдық туған күніне
тұспа-тұс келген кездесуде көрермендердің көп болатындығы алдын ала болжанған. Жанкүйерлер
тіпті қаланың орталық көшесімен мерекелік марш-кортео ұйымдастырды. Мыңға жуық
азамат ұрандап, сүйікті командасын жігер беруге тырысты.
Өкінішке орай, Ақтөбе өз алаңында
көршілерінен айласын асыра алмады. 13 мың көрермен алдында ойқастаған екі
команданың да жеңіске жетуге мүмкіндігі болды. Дегенмен, таблодағы нөлдер 90
минут бойы өзгермеді. Алғаш боп алаң иелері Шабановтың қақпасын нысанаға алды.
Александр Гейнрихтың пасын сәтті пайдаланған Игорь Зеньковичтің соққысы
бағанаға тиді.
Мұнайшылар да қорғаныста жатып
алмай, қарсыластың қорғаушыларына тыным бермеді. Әсіресе, Андрей Карповичтің
соққыларынан соң Ақтөбе қақпашысына біраз тер төгуге тура келді. Екінші таймда
да ойын өрнегі өзгере қоймады. Қос команда алыспай беріспейтіндігін көрсетті.
Алма-кезек шабуыл барысында Ақтөбеден Данило Неко, Павел Шабалин мен Алексей
Мулдаровтар есеп ашар мүмкіндікті мүлт жіберсе, мұнайшылар қатарында Эссамэнің
соққысы да қақпадан қиыс кетті. Тартысты ойынның нәтижесіз аяқталғанына алаңның
сапасы да сеп болды. Қазақстан премьер-лигасының 14-ші туры
өткеніне қарамастан, Ақтөбе орталық стадионы ойындарды қабылдауға қауқары жоқ.
Кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында қос команданың бапкерлері батыстық
дербидің атына заты сай деген ниет білдірді.
Владимир Белявский, «Атырау» ФК бас бапкері:
Мен Ақтөбеге, жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Мұндай футболдық көңіл күйді Қазақстанның басқа
қалаларында көргенім жоқ. Ойын да тартысты өтті. Ақтөбе сияқты командамен тең түскені
үшін ойыншыларыма алғыс айтқым келеді. Бүгінгі кездесудің есебі заңды деп ойлаймын.
Мансұр ЕСҚОЖИН