Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа одақ жұмысы қалай басталмақ

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2014
  • 1238

Жаңа құрылған одаққа мүше елдердің саяси тұлғалары мен бизнес өкілдері де бүгін Астанада. Тарихи оқиғаға куә болды. Ал экономикалық одақ төңірегінде журналистердің қордаланған сұрақтарына үш мемлекеттің үкімет өкілдері жауап берді.

Біздегі бизнес қауымдастық келіссөздер процесінің бел ортасынан табылғанын айта кетуіміз келеді. Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына өткен жылдың күзінде келіп түскен Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын бірнеше ай бойы бизнес иелері талқылады. Содан бері 30-ға жуық жиын өткізген палата маңызды құжаттың бүге-шігесіне дейін сүзгіден өткізген.

Жаңа одақтың негізгі ережелері мен ортақ тәртіптері үш жақты келісілгені мәлім. Десе де, Қазақстан, Беларусь және Ресей үкіметтеріне, одақ нақты іске көшкенше, әлі де бірқатар жоспарларды жан-жақты пысықтауы керек. Айталық, ортақ валюта туралы кезінде айтылып қалған мәселені. Бүгін Қазақстан мен Ресей үкіметі өкілдері бұл мәселеге қатысты пікірлерін былай білдірді.

Игорь Шувалов, РФ премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Нам нужно несколько лет для того, чтобы все эти свободы наполнить реальной свободой, и в какой-то момент нам следует серьезно исследовать вопрос финансового союза или, может быть, даже валютного. Но это в будущем. Пока эти вопросы в повестке не значатся.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Еуразиялық экономикалық одақ ол тек қана экономикалық ықпалдастықты қамтамасыз етпек. Бұл жерде ешқандай саясат жоқ. Осы одақты құру кезінде саясатқа байланысты мәселелер қаралған жоқ. Ұлттық қауіпсіздікке байланысты сұрақтар қозғалмады.

Қазақстандықтардың 77% интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту қажет деп есептейді. Еуразиялық интеграциялар институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның мәлімдеуінше, мұндай қорытынды тұрақты түрде жүргізілген зерттеулер мен сауалнамалар нәтижесінде жасалған. Бүгінгі айтулы оқиға төңірегінде әлеуметтік желілерде пікірталасты қыздырғандар аз емес. Бұған қатысты саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің айтары бар.

Келісімге қол қойылуымен шаруа бітті деген ұғым тумауы керек. Анығында ауқымды жұмыстар енді басталады. Нағыз қарбалас алда. Соның маңыздысы - еліміздің әрбір тұрғынына бұл одақтың мақсат мүддесі жайлы айтып түсіндіру.

Еуразиялық экономикалық одақ құру шарты қабылданған шараның басы қасында болып, ортақ мүдделер қамтылған құжаттың байыбына бара танысқан зиялы қауым "өз қазанымызда қайнамай, өзгенің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренген жөн" - дейді.

Жылдың басты оқиғасына баланған Астана басқосуында бас-аяғы мыңға жуық қонақ жиналған. Оның ішінде осы маңызды шара жайлы ақпар таратқан жүзге тарта журналистер қауымы бір төбе. Тәуелсіздік сарайының екінші қабатында орналасқан баспасөз орталығында қарақұрым тілшілердің қатары қалың. Отандық масс-медиа өкілдерімен қатар, кемінде 5 мемлекеттен келген, бірнеше ондаған әріптестеріміз төрткүл дүниеге хабар таратуда.

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес саммиті туралы бүгін сағат 21:30-да «Астана» арнасынан арнайы хабар көрсетіледі.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА